Ұлттық банк нарықтардың құбылуы мен теңгенің әлсіреу себептерін айтып берді
2021 жылғы 8 желтоқсан 13:25

Ұлттық банк нарықтардың құбылуы мен теңгенің әлсіреу себептерін айтып берді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова әлемдік нарықтардағы құбылмалылық және теңгенің әлсіреу себептерін айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қарашаның соңында коронавирустың жаңа штамының пайда болуы жаһандық құбылмалылықтың негізгі қозғаушы күші мен себебіне айналды. Қарашаның соңғы күндері мен желтоқсанның басы ішкі нарық үшін де күрделі кезең болды. Сөйтіп теңге ішкі және сыртқы факторлардың әсерінен қысымға ұшырады», - дейді Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова.

Ол қараша айындағы сыртқы нарықтардағы жағдай туралы айтып берді.

Оның айтуынша, қарашада нарықтың бұрын қалыптасқан болжамдарына түбегейлі әсер еткен көптеген тәуекел сценарийлері шын мәнінде іске асырылған.

«Соның әсерінен жаһандық деңгейде тәуекел активтерден бас тартудың және капиталдың дамыған елдерге және «қорғау» құралдарына шамадан тыс әкетілуінің жаңа толқынын байқап отырмыз.

Айдың басында ФРЖ активтерді сатып алу бағдарламасын қысқартудың басталғаны туралы хабарлады. АҚШ-та қазанда 6,2%-ке ж/ж дейін өсуін үдеткен соңғы 30 жылдағы рекордтық инфляция тіркелді. Бұл ФРЖ саясатын тез арада күшейту қаупін нығайта түсті, нәтижесінде АҚШ доллары бағамының жаһандық нығаюы және қазынашылық облигациялар кірістілігінің өсуі байқалды, бұл дамушы нарықтардың валюталары мен активтеріне теріс әсер етті», - деді Әлия Молдабекова.

Оның пікірінше, айдың соңында жағдай күрт нашарлаған, 26 қарашада коронавирустың «Омикрон» жаңа штамының табылуы туралы жаңалық тарады. Сovid-19 жаңа штамының пайда болуы әрдайым ықтимал қауіп факторы ретінде қарастырылғанымен, «Омикрон» қаржы нарықтары үшін «қара жұма» сияқты қабылдауға себеп болған.

«Жаңа штамның табылуы және оның жұқпалы болу-болмауы және вакциналарға төзімділігі бойынша белгісіздік жағдайында дамушы нарықтардан қаражатты әкету жеделдеп, жаңа ауқымға ие болды. Қарашаның қорытындысы бойынша, ЕМ валюталарының индексі жылына 4,4%-ға ең төмен құлдырағанын көрсетті.

Активтердің құбылмалы және тәуекелді сыныбы ретінде акциялар да төмендеді: дамыған елдердің MSCI акцияларының индексі қарашада 2,3%-ға төмендеді, ал дамушы елдердің акциялар индексі 4,1%-ға төмендеді.

Айдың соңғы күні ФРЖ басшысы Дж.Пауэлдің жуырдағы желтоқсандағы отырыста активтерді сатып алу бағдарламасын қысқартудың барынша жедел қарқынын қарастыру жоспары туралы түсіндірмесі теріс ықпал етті», - деді Әлия Молдабекова .

Сарапшы жалпы құбылмалылықтан бөлек нарықтардың жекелеген өңірлердегі тәуекелге негізделген оқиғаларын атап өтті. Ол: Түркиядағы валюталық дағдарысты және Ресейге қатысты санкциялық риториканы қайта жандандыру.

«Жоғары инфляция жағдайында негізгі мөлшерлеменің төмендеуі аясында түрік лирасы бір айда 40%-ға бірден төмендеді. АҚШ билігінің пікірі бойынша, олар Украина шекарасында әскери белсенділіктің өсуіне жол бермеуі тиіс жаңа санкциялардың енгізу мүмкіндігін талқылауда, соның нәтижесінде Ресей рублі қарашада 74,15 деңгейіне дейін 4,7%-ға әлсіреді», - деді Ұлттық банк төрағасының орынбасары.

Сарапшы мұнай нарығындағы жағдай және баға белгілеулерінің төмендеуіне ықпал еткен факторлар туралы да айтып өтті.

Қарашада мұнай нарығындағы жағдай өте жағымсыз болды, қарашада мұнай бағасының төмендеуі бір баррель үшін 84,38 АҚШ долларынан 70,57 АҚШ долларына дейін 16,4%-ды құрады. Мұнай бағасы үш айлық барынша төмен көрсеткішке түсті.

«ҚШ және басқа да ірі импорттаушы елдер жоспардан тыс өндірісті ұлғайтудан ОПЕК+ бас тартуы аясында стратегиялық қорлардан мұнай сату мүмкіндігін қарастырды. Алайда, Еуропада аурудың өсуі және шектеулердің қайта басталуы, Австрияда толық әлеуметтік оқшаулау және Германияда вакцина алмағандар үшін шектеулердің күшеюі Еуропа өңірінде сұраныстың күрт төмендеуіне себеп болды», - деді Ұлттық банк төрағасының орынбасары.

Оның айтуынша, қарашаның соңында жаңа штамның табылуы туралы жаңалық, жаһандық локдаундар мен мұнай өнімдеріне сұраныстың төмендеу тәуекелдері мұнай бағасына айтарлықтай қысым көрсетті. 30 қарашада баға бір баррель үшін 69 доллардан төмен түсті.

«Желтоқсан ОПЕК+ кезекті отырысынан басталды, альянс елдері қаңтарда өндіруді тәулігіне 400 мың баррельге арттыру бойынша бұрынғы позициясында қалды. Нарық күрт төмендеумен жауап беріп, мұнай бағасы бір баррель үшін 65,7 доллар белгісіне дейін жетті. Келесі күндері «Омикронға» байланысты жағдайдың дамуы оң сценарий бойынша өтеді деген күтулермен, сондай-ақ Сауд Арабиясы тарапынан Азия мен АҚШ үшін келісімшарттық бағалардың артуымен қолдау тауып, мұнай бағасы өсті. Мұнайға ағымдағы баға белгілеу бір баррель үшін 75 АҚШ доллары деңгейінде бекітілді», - деді Әлия Молдабекова.

Ұлттық банк төрағасының орынбасары Сыртқы нарықтардағы тәуекел-оқиғалардың теңге динамикасына әсеріне тоқталды.

Оның пікірінше, сыртқы нарықтарда тәуекелге негізделген оқиғалардың іске асырылуы аясында теңге айтарлықтай қысымға ұшыраған. Өткен айдың қорытындысы бойынша теңге бағамы 434,20-ға дейін 1,7%-ға әлсіреді. Ұлттық валютаның теріс серпіні айдың соңғы күндері шоғырланды. Коронавирустың жаңа штаммын анықтау ішкі валюта нарығындағы ахуалды күрт нашарлатқан негізгі қозғаушы күшке айналды.

«Біріншіден, «Омикрон» мұнай бағасының құлдырауына басты себеп болды. Баға белгілеудің бір күнде, яғни 26 қарашада төмендеуі 81,65-тен 73,58-ге дейін 10%-ға жуық болды. Теңге мұнай экспорттаушы елдердің басқа валюталары сияқты әлсіреді.

Екіншіден, дамушы нарықтардан жаппай кету Қазақстанның валюта нарығына да тікелей әсер етті, бейрезиденттердің теңге позицияларынан ауқымды шығуын да байқап отырмыз. Біздің есептеуіміз бойынша, шамамен 190 млн АҚШ долларын құраған портфельдік инвесторлардың қазақстандық мемлекеттік бағалы қағаздардан шығуын қоса алғанда, қарашаның қорытындысы бойынша бейрезиденттер шамамен 670 млн АҚШ доллары сомасына теңгеден шетел валютасына конвертациялады», - деді Ұлттық банк төрағасының орынбасары.

Әлия Молдабекованың айтуынша, жоғарыда аталған іргелі факторлардың күрт нашарлауы жағдайында заңды және жеке тұлғалар тарапынан шетел валютасына сұраныс 2 есеге жуық өскен.

«Биржадағы сауда-саттық көлемі 29 және 30 қарашада рекордты көлемге – бір күнде шамамен 260 млн долларға жетті. Алыпсатарлық сұраныс аясында қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында 2020 жылғы қазаннан бері алғаш рет Ұлттық Банк қарашаның соңғы екі күнінде жалпы көлемі 239 млн АҚШ долларына валюталық интервенциялар жүргізді.

Шетел валютасына сұраныстың күрт өсуі аясында өткен айда теңге-доллар жұбымен биржалық сауда-саттықтың жалпы көлемі рекордтық 3,7 млрд АҚШ доллары көрсеткішіне жетті. Бұл ретте, қарашада трансферттерді қамтамасыз ету үшін Ұлттық қордан валютаны сату 617 млн АҚШ долларын құрады. Квазимемлекеттік сектор компанияларының валюталық түсімдерін сату көлемі
315 млн АҚШ доллары болды», - деді ол.

Сарапшының пікірінше, қараша салық айы деп саналатынына қарамастан, ірі салық аптасы ішінде теңгені қолдау бойынша күтулер экспорттаушылардың салықтарды төлеу үшін қолда бар теңге өтімділігін пайдалануына байланысты да ақталмаған.

«Желтоқсанның алғашқы күндерінде мұнай бағасының сақталып отырған құбылмалылығы және бір баррель үшін 65,7 доллар оқшауланған ең төменгі көрсеткішке жетуі аясында теңге бейрезиденттерден, халық пен заңды тұлғалардың жоғары сұранысынан қатты қысымға ұшырауын жалғастырды. Банктік емес айырбастау пункттерінде доллардың бағамы жекелеген кезеңдерде бір доллар үшін 440 теңге белгісінен асты.

Осы аптаның басынан бері мұнай бағасы түзетілгеннен кейін және нарықтың осындай қарқынды ауытқу әсерінен соң жағдай тұрақтанып, теңге бүгін бір доллар үшін 434,40 теңге деңгейінде саудалануда», - деді ол.

Әлия Молдабекова Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттықта қалыптасқан банкаралық нарықтағы баға белгілеудің 1%-дан астамының таралуы жайында нарықтағы кәсіби қатысушылардың ақпараты туралы және маркет-мейкерлердің уақытша болмау себептері туралы дай айтып өтті.

Оның айтуынша, банкаралық нарық ұйымдастырылмаған нарықты білдіреді, мұнда негізгі қатысушылар «маркет-мейкерлер» деп аталатын, баға белгілеулерді белсенді қолдайтын біздің екінші деңгейдегі банктер, сондай-ақ бейрезиденттер – негізінен жаһандық инвестициялық банктер болып табылады.

«Орталық контрагентпен мәмілелер жүзеге асырылатын ҚҚБ-ның ұйымдастырылған сауда-саттық алаңына қарағанда банк арасындағы нарықтағы мәмілелерге қатысушылар контрәріптес тарапынан жеткізбеу тәуекеліне ұшырайды. Осыған байланысты биржа мен банкаралық нарықтың баға белгілеулеріндегі айырмашылық қалыпты жағдай болып табылады. Сауда жүйелерінің деректері бойынша, баға белгілеулер арасындағы орташа спред 1-1,5 теңге деңгейінде тұр. Банкаралық нарық ішкі нарыққа қатысушылардың, сол сияқты сыртқы нарыққа қатысушылардың мүдделерін білдіреді және Ұлттық банк қатыспай-ақ қалыптасады», - деді Әлия Молдабекова.

Сарпашының пікірінше, қарашаның соңы мен желтоқсанның басында шетел валютасына сұраныстың күрт өсуі аясында ішкі валюта нарығы ұсыныстың шектеулі болуына байланысты өте төмен өтімділікпен сипатталды. Мұндай жағдайда банктер ішкі клиенттер тарапынан сұраныстың артуын басым тәртіппен қанағаттандырды. Банкаралық нарық тарапынан қалып кеткен өтінімдерді қанағаттандыруы маркет-мейкерлердің белсенділігінің төмендеуін көрсетті, бұл өтімділіктің төмендеуіне және банкаралық спредтердің кеңеюіне себеп болды.

«Маркет-мейкерлер белсенділігінің төмендеуі және бейрезиденттер тарапынан сатып алуға сұраныстың артуы 2 желтоқсанда сауда-саттықта биржалық баға белгілеу жекелеген сәттерде 1%-дан астам немесе 4 теңгеге дейін банкаралық спредтің уақытша кеңеюіне себепші болды. Сауда жүйелерінің деректері бойынша, аталған спред валюта нарығындағы теңгерімді қалпына келтіру есебінен
3 желтоқсанда қалпына келді және 1,5 теңгеге дейінгі аралықта болды», - деді Ұлттық банк төрағасының орынбасары.

Әлия Молдабекова құбылмалылық пен өзге де қосымша факторлардың әсері аясындағы алтын-валюта резервтерінің динамикасы туралы жағдайға тоқталды.

«Алтын-валюта резервтері айдың басынан бері 309 млн АҚШ долларына төмендеп, биылғы жылғы қарашаның соңында 35,5 млрд АҚШ долларын құрады.

Резервтердің валюталық бөлігі жүргізілген интервенциялар, мемлекеттік борышты төлеу және Үкімет шоттары бойынша басқа операциялар есебінен 575 млн АҚШ долларына төмендеді.

Бұл ретте алтын портфелі мемлекеттің басымдық құқығын іске асыру шеңберінде алтынды сатып алу есебінен 267 млн АҚШ долларына ұлғайып, валюталық активтердің төмендеуін ішінара теңестірді», - деді ол.

Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ұлттық қордағы валюта активтерінің көлеміне әсер еткен факторлар туралы айтып берді.

Алдын ала деректер бойынша қарашаның соңында Ұлттық қордың валюталық активтері 54,9 млрд АҚШ долларын құрап, өткен айда 140 млн АҚШ долларына аздап төмендеген.

«Жоғарыда атап өткендей, республикалық бюджетке трансферттер бөлу үшін валюта нарығында баламасы 263 млрд теңге болатын 617 млн АҚШ доллары сомасына активтер сатылды. Қарашада трансферттің көлемі 310 млрд теңгені ғана құрады, оның бір бөлігі Ұлттық қорға түсімдер есебінен қанағаттандырылды.

Мұнай секторы ұйымдарының салық төлемдерін жүзеге асыруына байланысты қарашада Ұлттық қорға валюталық түсімдердің өсуі байқалды, ол шамамен 1 млрд АҚШ долларын құрады», - деді ол.

Оның айтуныша, жаңа штамға байланысты қаржы нарықтарындағы едәуір құбылмалылық жағдайында Ұлттық қордың инвестициялық кірісі қарашада төмендеп, көбінесе акциялар портфелінің 2.11%-ға төмендеуі есебінен (-)540 млн АҚШ долларын құрады. Дамыған елдердің мемлекеттік бағалы қағаздары кірістілігінің өсуі және монетарлық саясаттың күшеюі аясында доллардың жаһандық нығаюы салдарынан дамыған елдердің облигациялар портфелі де төмендегенін көрсетті және қарашадағы кірістілігі (-)0.64% болды.

Ұлттық қордың инвестициялық кірісі жыл басынан бері оң болып қала берді және 1.4 млрд АҚШ доллары немесе 2.52% болды.

Ұлттық банк төрағасының орынбасары Сыртқы нарықтардағы жағдайдың жақын арадағы даму келешегі және олардың теңгеге ықтимал әсері туралы мынадай пікір айтты.

«Жаңа штамның пайда болуы, мұнай бағасының құбылмалылығы, жаһандық инфляцияның өсуі және соның салдарынан көптеген орталық банктердің монетарлық саясатты күшейтуі жақын перспективадағы жаһандық нарықтардағы негізгі сын-қатерлер болып табылады. Дәл осы факторлар дамушы нарықтардың валюталарына, оның ішінде теңгеге де айтарлықтай теріс әсер етті.

Коронавирустың жаңа штаммы қазірдің өзінде 38 елде таралды, бұл қолайсыз сценарий болған жағдайда әлемдік экономиканың қалпына келуін баяулатуы мүмкін. Сарапшылар алдыңғы штамдарға қарағанда мутациялардың көбірек болуының белгілі болғанын атап өтуде, бұл вирустың аса жұқпалы болуымен және оның қолда бар вакциналарға төзімділігімен байланысты орын алуы мүмкін», - деді ол.

Әлия Молдабекованың айтуынша, алайда, «Омикронның» қауіптілігін растау үшін тестілеудің ресми нәтижелерін күту керек.

«Мәселен, АҚШ президентінің бас медициналық кеңесшісі Э. Фаучи Оңтүстік Африкадан алынған алдын ала деректер жаңа штамм ауруханаға жатқызудың өсуіне алып келеді деген қорытындыға әлі негіз жоқ деп мәлімдеді.

Әрине, жаңа штамның таралуы жаңа шектеу шараларының кеңінен енгізілуіне байланысты отынға сұраныстың күрт төмендеу қаупіне байланысты мұнай бағасына қысым көрсетті. Алайда, ОПЕК+ соңғы отырысының қорытындысы бойынша мұнай өнімдеріне сұраныстың төмендеуінің объективті белгілерінің болмауына байланысты мұнай өндіруді арттыру жөніндегі қолданыстағы жоспарды ұстануға шешім қабылдап қана қоймай, әлемдегі эпидемиологиялық жағдай нашарлаған жағдайда мәміле өлшемдерін шұғыл түрде қайта қарауға дайын екенін мәлімдеді.

Жаһандық пандемиядан кейінгі қалпына келтіру жағдайында проинфляциялық қысым сақталуда, ірі экономикалардағы инфляция көрсеткіштері таргеттелетін деңгейден асып түседі. Атап айтқанда, бұл саны бойынша жеңілдету бағдарламасының тезірек қысқару ықтималдығын және 2022 жылы АҚШ ФРЖ мөлшерлемелерінің артуын күшейтеді. Осыған байланысты дамушы елдердің валюталарына жаппай қысым көрсететін АҚШ долларының нығаюы жалғасуда», - деді ол.

Ұлттық банк төрағасының орынбасары пікірінше, негізгі ішкі факторларға тоқталсақ, әдетте жыл соңы барлық деңгейдегі бюджеттердің игерілуі, қабылдау-өткізу актілеріне қол қою, соған сәйкес шетел валютасына сұраныстың, тиісінше теңгеге қысымның ұлғаюы арқылы сипатталады.

«Бірақ, бұл жағдайда қазіргі импорт пен халықтың қажеттіліктері шеңберінде валютаға жаңа жыл алдындағы дәстүрлі сұраныс туралы айтып отырмыз. Менің ойымша, жоғары сұраныс қарашаның соңы мен желтоқсанның басында орын алды», - деді ол.

Әлия Молдабекова Ресей Федерациясына қарсы қабылдануы мүмкін жаңа санкциялардың Қазақстанның ішкі валюта нарығына және Ресей рублінің айырбас бағамының динамикасына ықпалы туралы мынадай пікір айтты.

«Геосаяси тәуекелдер мен санкциялар риторикасы Ресей рубліне қысым көрсетеді. Кеше Ресей мен АҚШ Президенттері арасында бейнеконференция өтті, ол кең ауқымды мәселелер бойынша, соның ішінде Украинамен қарым-қатынас жөніндегі өзара консультацияларды бастауға негіз қалады. Нәтижесінде рубль бағамы түзетіліп, 73,9 белгісіне дейін 0,5%-ға нығайды.

Біздің импортымыздағы Ресей тауарлардың үлесі осы жылғы 9 айдың қорытындысы бойынша 41% құрайтынын ескерсек, негізгі сауда серіктестерінің ішіндегі бірінің валютасы ретінде рубльдің әлсіреуі немесе нығаюы теңгеге әсер етпей қоймайды. Алайда, Батыс елдерінің РФ-ға қатысты санкциялық риторикасы теңгенің айырбастау бағамына әсер ете отырып, ұзақ уақыт бойы жалғасып келе жатқанын атап өткен жөн.

Біз теңгенің серпіні сауда серіктестері болып табылатын елдердің валюта бағамдарының қозғалысына ғана байланысты емес екенін бірнеше рет атап өттік. Айырбастау бағамы бірқатар ішкі және сыртқы факторлардың әсерінен қалыптасады, мұнай бағасы елдің негізгі экспорттық тауары ретінде маңызды рөл атқарады. Ұлттық Банк жағдайға мұқият мониторинг жүргізуді жалғастыруда және нарықтағы тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін қолдан келетін шараларды қабылдауға дайын», - деді Ұлттық банк төрағасының орынбасары.


Jańalyqtar

MURAǴAT