Ұлттық банк қазақстандықтардың кредитін жауып беру процедурасын түсіндірді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Ұлттық банкі кепілсіз тұтынушылық кредиттер бойынша борыштық жүктемені төмендету шаралары туралы түсініктеме берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«ҚР Президенті 2019 жылғы 26 маусымда «Қазақстан Республикасы азаматтарының борыш жүктемесін азайту шаралары туралы» 2019 жылғы 26 маусымдағы № 24 Жарлыққа қол қойды, онда үш негізгі бағыт қамтылған. Осы Жарлықты іске асырудың бірінші бағыты екінші деңгейдегі банктерде және микроқаржылық ұйымдарда азаматтардың жекелеген санаттары үшін кепілсіз тұтынушылық қарыздар бойынша берешекті 300 мың теңгеге дейінгі мөлшерде өтеуді көздейді. Берешек сомасы 2019 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша 3 млн теңгеден аспауға тиіс. Ұлттық Банк Үкіметпен және нарыққа қатысушылармен бірлесіп белгіленген өлшемшарттарға сәйкес келетін адамдар тізбесін қалыптастыру және олардың берешегінің жалпы мөлшерін анықтау бойынша жұмысты бастап кетті», - делінген таратылған мәліметте.

Үкімет «Проблемалық кредиттер қоры» АҚ-ға (Оператор) республикалық бюджеттен нысаналы қаржыландыру бөлетін болады.

Бұдан әрі, Оператор азаматтардың жекелеген санаттарының кепілсіз тұтынушылық қарыздар бойынша 300 мың теңгеге дейінгі берешегін өтеу үшін екінші деңгейдегі банктермен және микроқаржылық ұйымдармен шарттар жасасады. Өз тарапынан Ұлттық Банк берешекті өтеу бойынша мәліметтердің қарыз алушылардың кредиттік тарихының дерекқорында көрсетілуіне бақылауды қамтамасыз етеді.

«Екінші бағыт Қазақстанның бүкіл азаматтарына кепілсіз тұтынушылық қарыздар бойынша есептелген айыппұлдар мен өсімпұл сомаларын есептен шығаруды көздейді. Ағымдағы ай аяқталған соң, Ұлттық Банк банктермен және микроқаржылық ұйымдармен бірлесіп, кепілсіз тұтынушылық қарыздар бойынша есептелген айыппұлдар мен өсімпұлға 2019 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша салыстырып тексеру мен тіркеуді жүзеге асырады. Есептелген айыппұлдар мен өсімпұлды есептен шығару бірінші кезекте банктердің және микроқаржылық ұйымдардың қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Есептелген айыппұлдар мен өсімпұлдардың жалпы көлемінен 30%-дан аспайтын сома Ұлттық Банк айқындаған Оператордың қаражаты есебінен өтеледі. Бұл мақсаттар үшін Ұлттық Банк Операторға қажетті қаржыландыру көлемін бөледі», - деп атап өтілген ҰБ ақпаратында.

Екі жағдайда да қарыз алушыға банкке, МҚҰ-ға немесе басқа ұйымдарға өтініш беру талап етілмейді. Банктер және микроқаржылық ұйымдар берешекті өтеу және есептелген айыппұлдар мен өсімпұлды есептен шығару бойынша бүкіл жұмысты дербес жасайды. Әрбір қарыз алушыны банк/микроқаржылық ұйым жұмыс нәтижелері туралы хабардар етеді.

Еске сала кетсек, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары - Қаржы министрі Әлихан Смайылов азаматтардың несиесін өтеу туралы Президент Жарлығын түсіндірді.

Соңғы жаңалықтар