Ұлттық банк қаңтарда интервенция жүргізбесе де, теңге 0,5% нығайды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қаңтар айының қорытындысы бойынша, теңге бағамы 1 АҚШ доллары үшін 460,52 теңгеге дейін 0,5%-ға нығайды. Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттықтың бір күндегі орташа көлемі бір айда 141-ден 103 млн АҚШ долларына дейін төмендеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ұлттық банкке сілтеме жасап.

Сауда-саттықтың жалпы көлемі - 2,1 млрд АҚШ доллары.

Бір ай ішінде валюта нарығы сұраныс пен ұсыныс тұрғысынан теңгерімді болды, айырбастау бағамы нарықтық жағдайларға байланысты қалыптасты.

Квазимемлекеттік сектор субъектілерінің валюталық түсімді сатуы өткен айда шамамен 453 млн АҚШ долларын құрады.

Квазимемлекеттік сектор компаниялары екінші деңгейлі банктер арқылы валюта нарығында сатуды өз алдына дербес жүргізді.

Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферттерді қамтамасыз ету үшін валюта сату қаңтарда 228 млн АҚШ долларын құрады.

Ұлттық қордан сату үлесі сауда-саттықтың жалпы көлемінен 11,1% болды және бір күнде 12 млн АҚШ долларынан аспады.

Ұлттық қордың қаражатымен операциялар жүргізу кезінде Ұлттық банк нарықтық бейтараптық қағидатын сақтайды, бұл – шетел валютасын тұрақты әрі біркелкі сату дегенді білдіреді.

Мұндай тәжірибе валюта нарығына Ұлттық қор операцияларының әсерін барынша азайтуға мүмкіндік береді.

Қаңтарда Ұлттық банк валюталық интервенция жүргізген жоқ.


Соңғы жаңалықтар