Ұлттық банк: Инфляция мақсатты дәлізде сақталады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Парламент Сенатының жалпы отырсында ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Ерболат Досаев әлеуметтік қолдауға арналған шығыстардың артуы инфляциялық процестерді жеделдетуге айтарлықтай әсер етпейтінін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның атап өтуінше, 2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджетке өзгерістер өлшемдері ағымдағы жылғы жекелеген макроэкономикалық көрсеткіштерді қайта қарауға негізделген. Қазақстан Ұлттық Банкі бұл өзгерістермен келісті және қолдады.

«Қазақстан Ұлттық банкі инфляциялық таргеттеу саясатын жүргізуін жалғастырады. Ұлттық банктің 2019 жылға арналған негізгі мақсаты - инфляцияны 4-6 пайыз дәлізде ұстап тұру. Жылдық инфляция 2019 жылғы наурызда өткен жылдың соңындағы 5,3 пайызбен салыстырғанда 4,8 пайызға дейін төмендеді», - деп хабарлады Е. Досаев.

ҰБ басшысының айтуынша, әлеуметтік қолдауға арналған қосымша қаражаттың бөлінуіне байланысты шығыстарды ұлғайту - инфляциялық процестерді жеделдетуге айтарлықтай әсер етпейді. Бағалауға сәйкес, инфляция ағымдағы жылдың қорытындылары бойынша нысаналы дәліз шегінде сақталады.

Оның сөзіне қарағанда, базалық мөлшерлеме ақша-несие саясатының негізгі құралы болып қалады. Қазақстан Ұлттық банкі мөлшерлеменің деңгейін елдегі нақты және күтілетін инфляцияның мөлшерлеріне, төлем балансының жай-күйін анықтайтын сыртқы факторларға, сондай-ақ экономикалық дамуды қолдау қажеттілігіне қарай белгілейді.

Е. Досаев 4 наурызда Қазақстан Ұлттық Банкі базалық мөлшерлемені 9,25% деңгейінде қалдырғанын еске салды. «Біз инфляциялық көрсеткіштерге қол жеткізу мен экономиканың өсу қарқынын сақтап қалу теңгеріміне бағытталған базалық мөлшерлеме бойынша саясатты жалғастыруға ниеттенеміз», - деп ҚР ҰБ төрағасы.

Соңғы жаңалықтар