Ұлттық банк депозиттен мерзімінен бұрын ақша алуды шектемек

None
None
 АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Ұлттық банк депозиттен мерзімінен бұрын ақша алмау амалдарын жетілдірмек. Бұл туралы Алматыда өткен  2015-2017 жылдардағы Қазақстанның қаржылық тұрақтылығы есебінің таныстырылымында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Екінші деңгейлі банк мәселелерінің  сараптамасына сай, банк үшін  негізгі қор боп саналатын тұлғалардың депозит ретіндегі қаржысы тұрақсыз екені айтылды. Яғни адамдар бір мезетте салымдарын қайтарып алатын болса, онда банк үлкен мәселелерге тап болады.

Ұлттық банктегілер бұл түйткілдің бірден-бір шешімі мерзімінен бұрын ақша алу мүмкіндігін өзгерту деп біледі.  Сондықтан салымшылардың өз ақшаларын депозит келісімшартында көрсетілген мерзімнен бұрын алмауын жолға қою керек.

«Азаматтық Кодексте салымды кез келген уақытта алу құқығы  бекітілген. Салымды ерте қайтарып алу құқығы келісімшарттағыдай орындалады. Мұндай жағдайда Азаматтық Кодекске сәйкес банк 5 күннің ішінде салымшыға ақшасын қайтаруы тиіс. Біз бұл азаматтардың құқығын түбегейлі жоймақ емеспіз. Банктер тез арада ақшасын қайтарып алмақ болғандарға айыппұл сала алады. Бүгінде кейбір банктер бұған кірісіп те кеткен. Бірақ қазіргі айыппұл мөлшерінің депозит нарығын қалыпқа келтіре алатындай күші жоқ»,-деді Ұлттық банктің Қаржы тұрақтылығы департаменті анализдер басқармасы басшысының орынбасары  Динара Тазетдинова.

Оның сөзінше, Ұлттық банк салымшыларға ақшаларын депозиттің соңғы  мерзіміне дейін сақтағанда ұтымды болатын таңдауды ұсынбақ. 

 «Екінші деңгейлі банктер екі түрлі өнім ұсынатын болды. Олар - комиссиясыз, айыппұлсыз жедел түрде ақшаны қайтарып алу қарастырылған және қарастырылмаған түрлері. Айыппұл мен комиссиясыз мерзімінен бұрын қайтарылатын депозиттердің  сәйкесінше ставкасы төмен болады», - деді Динара Тазетдинова.

 Сондай-ақ, Ұлттық банкте  бүгінде екінші деңгейлі банктердің депозит деңгейіне тәуелділігін жою мүмкін еместігі айтылды.

 Арайлым Жолдасбай

Соңғы жаңалықтар