Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 9 пайыз деңгейінде қалдырды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстан Ұлттық банкі базалық мөлшерлемені 9 пайыз деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі базалық мөлшерлемені пайыздық дәлізді +/-1,5 п.т. сақтай отырып, жылдық 9% деңгейінде сақтау жөнінде шешім қабылдады. Тиісінше, өтімділікті беру жөніндегі тұрақты қолжетімді операциялар бойынша мөлшерлеме 10,50% және өтімділікті алу жөніндегі тұрақты қолжетімді операциялар бойынша мөлшерлеме – 7,50% болады»,– деп хабарлады Ұлттық банктің баспасөз қызметі.

Ұлттық банктің хабарлауынша, қысқа мерзімді және орта мерзімді перспективада инфляция тәуекелдерінің теңгерімі ескеріле отырып шешім қабылданды.

«Проинфляциялық тәуекелдер әлсіз тұрақтандырылған инфляциялық күтулермен, Ресейге қатысты санкциялық риториканың үдеуі аясында қаржы нарықтарындағы тұрақсыздықтың артуымен, мұнай сұранысының мейлінше баяу қалпына келуін күтумен және фискалдық және квазифискалдық шаралармен экономикалық белсенділікті одан әрі ынталандыру тәуекелімен көрінеді. Бұл ретте экономикалық белсенділіктің қысқаруына, тұтынушылық сұраныстың баяулауына және әлемдік нарықтардағы азық-түлік тауарлары бағасының күтілетін төмендеуіне байланысты дезинфляциялық факторлардың да ықпалы байқалады»,–деп атап өтті банктегілер.

Базалық мөлшерлеменің ағымдағы деңгейі инфляциялық процестердің серпінін бақылауды сақтауға және жылдық инфляцияның орта мерзімді кезеңде бірқалыпты баяулауын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Ұлттық банк инфляция серпініне әсер ететін ішкі және сыртқы факторларға мониторинг жүргізуді жалғастырады. Базалық мөлшерлеме бойынша бұдан былайғы шешімдер инфляцияның нақты серпінінің оның болжамды бағдарларына, сондай-ақ инфляциялық тәуекелдер теңгеріміне сәйкестігін ескере отырып қабылданатын болады.

Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің базалық мөлшерлеме бойынша кезекті жоспарлы шешімі 2020 жылдың 26 қазанында Нұр-Сұлтан қаласының уақыты бойынша сағат 15:00-де жарияланады.


Соңғы жаңалықтар