Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 9,25 пайыздық деңгейде сақтап қалды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның Ұлттық банкі базалық мөлшерлемені 9,25 пайыздық деңгейде сақтау туралы шешім қабылдады. Бұл туралы Қазақстан Ұлттық банкінің төрағасы Данияр Ақышев БАҚ-қа арналған брифинг барысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өтімділікті ұсыну және алу операциялары бойынша мөлшерлемелер тиісінше 10,2 және 8,25 пайыздық деңгейде өзгеріссіз қалды. Ресми қайта қаржыландыру мөлшерлемесі 9,25 пайыздық деңгейде қалды.

«Ағымдағы шешім кезінде жылдық инфляцияның нақты деңгейі, оның ағымдағы жылғы болжамдық мәндеріне және бағаларына сәйкестігі, сондай-ақ халықтың инфляциялық күтулерінің байқалып отырған төмендеуі назарға алынды», - деп түсіндірді Д. Ақышев.

Ол жылдық инфляцияның нысаналы дәлізге сәйкес деңгейде қалыптасатындығын атап өтті.

Оның айтуынша, базалық мөлшерлеменің ағымдағы деңгейі едәуір күйзелістер болмағанда 2019 жылдың соңында 4-6 пайыздық жаңа дәліздің ішінде инфляцияның қалыптасуын қамтамасыз ететін болады.

«Бұл ретте Қазақстан Ұлттық банкі әлемдік нарықтардағы, атап айтқанда мұнайдың әлемдік нарығындағы үрдістерді, сондай-ақ басқа елдердің орталық банктеріндегі өздерінің мөлшерлемелерінің деңгейі бойынша шешімдерін мұқият қадағалайды», - деді Д. Ақышев.

Қазақстан Ұлттық банкінің басшысы инфляцияны нысаналы дәліздің шегінен тыс жібермеудің алдын алу Ұлттық банктің міндеті болып табылатындықтан сыртқы сектор тарапынан тәуекелдерді бағалаудың басым екендігін атап өтті.

«Негізгі шикізат нарықтарында нақты құбылмалылықтың ішкі макроэкономикалық көрсеткіштерге және қаржы секторының көрсеткіштеріне ықпалы күшейген кезде ақша-кредит саясатын қатаңдату туралы шешім базалық мөлшерлеменің деңгейін кейіннен қарау кезінде қабылдануы мүмкін», - деді Д. Ақышев.

Базалық мөлшерлеме бойынша кезекті шешім 2019 жылғы 4 наурызда Астана уақытымен сағат 17:00-де жарияланады.

Соңғы жаңалықтар