Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 16,75% деңгейінде сақтау туралы шешімін түсіндірді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлттық банкте базалық мөлшерлеме бойынша қабылданған шешімді түсіндіруге арналған баспасөз-брифингі өтті. Бүгін Ұлттық банктің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/– 1 п.т. дәлізімен жылдық 16,75% деңгейінде қалдыру туралы шешім қабылдаған болатын.

Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматовтың айтуынша, мұндай шешім нақты деректер мен жаңа факторлар ескерілген болжамдарды талдау негізінде қабылданған. Оның үстіне макроэкономикалық көрсеткіштердің болжамдарын жаңартып, инфляция тәуекелдері қайта қаралған.

«Біздің бағалауымыз тәуекелдер балансының дезинфляциялық жаққа біршама ығысқанын көрсетеді. Сыртқы сектордың бағаға қысымы аздап әлсіреді. Оның себебі – әлемдік азық-түлік бағасының өсу қарқыны бәсеңдеп, Қазақстанмен сауда-серіктес елдерде инфляция едәуір баяулады. Нақты айырбастау бағамының тұрақты болуына байланысты сыртқы бағалардың барынша баяу өсуі елдегі инфляцияның төмендеуіне қолайлы жағдай жасады. Алайда, фискалдық ынталандырудың жалғасуына, ішкі сұраныстың азамай тұрғанына, жоғары инфляциялық күтулерге және жанар-жағармай, тұрғын-үй коммуналдық қызметтер бағасының өсуіне байланысты ішкі факторлардың проинфляциялық ықпалы сақталып отыр», - деді Ғалымжан Пірматов.

ҰБ басшысының айтуынша, бұл шешім инфляция үдерісін әрі қарай да тежеп ұстауға мүмкіндік береді. Ал бұл ортамерзімді келешекте бағаның өсу қарқынын төмендетуге ықпал етеді.

Ғалымжан Пірматов журналистердің сұрағына берген жауабында базалық мөлшерлеме туралы шешім ауқымды мәселелерді талдау негізінде қабылданатынын түсіндірді.

«Біз толық болжамды раундтың нәтижелері бойынша шешім қабылдадық. Инфляция, ағымдағы көрсеткіштер біздің болжамдарымызға сәйкес келеді. Бұған дейін хабарлағанымыздай, базалық мөлшерлемені 16,75% деңгейінде сақтап қалдық. Тәуекелдер балансы дезинфляцияға қарай ойысып отыр. Бұл инфляцияға түсетін сыртқы қысымның төмендеуімен байланысты. Бірінші кезекте, бұл Қазақстанмен серіктес елдердегі инфляцияның төмендеуімен, азық-түлік тауарларына әлемдік бағаның өсу қарқынының төмендеуімен байланысты. Алайда, ішкі факторлар әзірге проинфляциялық сипатта қалып отыр: фискалдық импульс, ішкі сұраныстың түспеуі және инфляция болжамдарының жоғары күйінде қалуы. Соның бәрін ескеріп, біз базалық мөлшерлеме бойынша осындай шешім қабылдадық», - деді Ғалымжан Пірматов.

Ұлттық банк төрағасы бұған дейінгі инфляция болжамы Үкімет жанар-жағармай мен тұрғын үй-коммуналдық қызметтерінің бағасын көтеру туралы шешімін жарияламай тұрып жасалғанын еске салды.

«Бұл жолғы болжамымыз осы шешімдердің тікелей және күтілетін жанама әсерлеріне байланысты өзгерді. Яғни, ол жанар-жағармай мен тұрғын үй коммуналдық қызметі бағасының өсуіне байланысты. Тікелей әсерді 1,5-1,7% дейін, ал жанама әсерді 1-2,5% дейін деп бағалаймыз. Шешім қабылдайтын кезде мұқият бақылап, жанама әсерді ескереміз. Жанама әсердің маңыздылығына тоқталатын болсақ, бағаның өсуі Қазақстанда инфляциялық болжамдардың жоғары күйінде қалуына әкелмеуі керек. Сол себепті алдағы шешімдерді қабылдар кезде келіп түскен деректер мен бағаны өсіретін жанама әсерлерді бақылау мәліметтеріне сүйенеміз», - деді Ұлттық банк басшысы.

Баспасөз-брифингі барысында Ғалымжан Пірматов базалық мөлшерлеме қандай жағдайда төмендетілетінін айтты.

«Кез келген шешімді қабылдайтын кезде деректер мен болжамдарға сүйенеміз. Бұл ретте инфляция туралы нақты деректердің біздің болжамдарға сәйкес келуі маңызды. Қазіргі таңда базалық инфляцияны мұқият бақылап отырмыз. Егер ол төмендейтін болса, жанар-жағармай мен тұрғын үй-коммуналдық қызметтер бағасын өсіретін жанама әсерлер соншалықты зор емес екеніне көз жеткізсек, базалық мөлшерлемені төмендетеміз. Инфляцияның нақты динамикасы біздің болжамға сәйкес шықса, жылдың екінші жартысында базалық мөлшерлемені төмендете бастаймыз», - деді Ғалымжан Пірматов.

Ұлттық банк төрағасы макроэкономикалық көрсеткіштердің жаңартылған болжамдарына да тоқталды.

«Қалыптасқан сыртқы және ішкі факторларды, сондай-ақ жаңа алғышарттарды ескергендегі инфляция болжамдары өсу жағына қарай қайта қаралды. Біздің жаңартылған болжамдар бойынша жылдық инфляция 2023 жылы 11-14%, 2024 жылы 9-11% және 2025 жылы 5,5-7,5% шегінде қалыптасады. Қазақстан экономикасының 2023 жылға өсу болжамы жақсарды. 2023 жылы жалпы ішкі өнімнің өсуі 4,2-5,2% аралығында қалыптасады. Экономиканың 2024-2025 жылдарға арналған өсу болжамы 3,5-4,5% деңгейінде өзгеріссіз қалды», - деді Ғалымжан Пірматов.


Соңғы жаңалықтар