Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 12 пайыз деңгейіне көтерді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі сыртқы сектор тарапынан тәуекелдерге теріс ықпал ету аясында баға тұрақтылығын қолдау қажеттілігіне негізделген базалық мөлшерлеменің деңгейі бойынша кезектен тыс шешім қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҰБ мәліметінше, бүгін, 10 наурыздан бастап, базалық мөлшерлеме пайыздық дәлізді +/- 1,5 пайыздық тармаққа дейін кеңейтіліп, жылдық 12 пайыз деңгейінде белгіленеді. Тиісінше, өтімділікті ұсыну бойынша тұрақты қолжеткізу операциялары бойынша мөлшерлеме 13,5 және өтімділікті алу бойынша тұрақты қолжеткізу операциялары бойынша 10,5 пайыз болады.

«Базалық мөлшерлемені арттыру туралы шешім әлемдік экономикадағы ахуалдың күрт өзгеруіне қарай қабылданды. COVID-19 короновирусының таралу ауқымының айтарлықтай кеңеюі қазақстандық экспортты негізгі тұтынушы Қытай және Еуропалық одақ сияқты елдердің экономикалық даму перспективаларының нашарлауындағы негізгі факторға айналды. Brent сұрыпты мұнай бағасы 2020 жылғы 9 наурызда ОПЕК+ отырысына қатысушылардың мұнай өндіруді қысқарту бойынша мәміленің талаптары туралы уағдаластыққа келе алмауы нәтижесінде күрт төмендеді. Оның белгіленген бағасы бір күнде 30 пайыздан аса барынша көп төмендеп, бір баррель үшін 31-36,5 АҚШ доллары деңгейінде болды», - деп атап өтеді Ұлттық банктен.

Базалық мөлшерлеме бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің кезекті шешімі 2020 жылғы 16 наурызда Нұр-Сұлтан қаласының уақытымен сағат 15:00-де жарияланады.


Соңғы жаңалықтар