Ұлттық банк базалық мөлшерлеме бойынша кезекті шешімін қаңтарда жариялайды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі базалық мөлшерлемені +/-1 пайыздық дәлізбен 10,25 пайыз деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Базалық мөлшерлемені сақтау туралы шешім ақша-кредиттік шарттардың бейтараптылығын сақтау және нақты пайыздық мөлшерлемені 4 пайыздан жоғары емес деңгейде ұстап тұру дұрыстығын көрсетеді. Бұл экономикалық өсудің ұзақ мерзімді әлеуетті қарқындарына сәйкес келеді. Базалық мөлшерлеме бойынша кезекті шешім 2018 жылғы 15 қаңтарда Астана уақыты бойынша 17:00-де жарияланады», - делінген Ұлттық банк таратқан ақпаратта.

Еліміздің орталық банкі мәліметінше, қазанда инфляциялық процестердің жылдық мәнде 7,7 пайызға дейін (қыркүйектің қорытындысы бойынша 7,1%) жеделдеуі байқалды. Дегенмен жылдық инфляция 2017 жылға арналған 6-8 пайыздық нысаналы дәлізге сәйкес келуін жалғастыруда. Инфляция өсуіне  энергия тасымалдауыштардың (бензин, дизель отыны, көмір) және азық-түлік өнімдерінің жекелеген түрлерінің, негізінен көкөністердің (бағалардың маусымдық өсуі) қымбаттауы себеп болған.

«Экономикадағы іскерлік белсенділік қалпына келуін жалғастыруда. Елдегі жиынтық ұсынысты сипаттайтын қысқа мерзімді экономикалық индикатор 2017 жылғы 10 айда 5,4 пайызға өсті, алайда оның өсуі экономика салалары бойынша тепе-тең емес», - деп хабарлады банктен. 

Соңғы жаңалықтар