Ұлттық банк ақша-кредит саясатына қатысты стратегияны бекітті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан Ұлттық банкі алдағы 10 жылға арналған ақша-кредит саясаты саласындағы негіз боларлық құжат – ақша-кредит саясатының 2030 жылға дейінгі стратегиясын мақұлдап, жариялады. Осы орайда ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов аталған құжатқа қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысы 2020 жылдың 1 қыркүйегіндегі Жолдауында «ақша-кредит саясатын жаңадан қарау» міндетін атады. Осы тапсырманы іске асыру үшін жүргізіліп отырған ақша-кредит саясатының тиімділігін арттыру мақсатында Ұлттық банк ақша-кредит саясатының 2030 жылға дейінгі стратегиясын әзірледі. Стратегия 2025 жылға дейінгі ұлттық даму жоспары сияқты елдің ұзақ мерзімді құжаттарымен үйлестірілді.

«Біздің негізгі мақсат – баға тұрақтылығын қамтамасыз ету. Инфляциялық таргеттеу режиміне өткеннен кейін жыл сайын ақша-кредит саясатының негізгі бағыттары қабылданды, оларда жүргізіліп отырған саясаттың алдағы жылға арналған басымдықтары айқындалды. Енді Стратегияда ұзақ аралыққа пайым қалыптастырылды, Қазақстандағы сияқты басқа да елдердегі инфляциялық таргеттеуге өтудің тәжірибесі талданды, сондай-ақ трансмиссиялық тетіктің тиімділігін шектейтін ағымдағы кедергілер қаралды», - деді Ақылжан Баймағамбетов.

Ақпанда қабылданған елдің 2025 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарын ескере отырып, Стратегияда кедергілерді жоюға және толыққанды инфляциялық таргеттеу режиміне өтуді аяқтауға мүмкіндік беретін негізгі басымдықтар көрсетілді.

«Біз халықаралық қаржы институттарымен, соның ішінде ХВҚ, Дүниежүзілік Банк, ЕҚДБ-мен, сондай-ақ қазақстандық сарапшылармен, Қазақстанның қаржыгерлер қауымдастығымен және банк секторының өкілдерімен Стратегия жобасын талқылау бойынша бірнеше раунд өткіздік. Олардың қорытындысына сай құжат толықтырылып, пысықталды», - деді ол.

Сонымен қатар ол инфляциялық таргеттеудің толыққанды режиміне көшу бойынша қажетті шаралар туралы айтып берді.

2015 жылы инфляциялық таргеттеу режиміне көшкен сәттен бастап Ұлттық банк оның «төрт тірек» деп аталатын негізгі элементтерін енгізді. Бұл өзгермелі валюта бағамы, пайыздық саясат, ашық байланыс, талдау және болжау жүйесі.

«Соған қарамастан, енгізілген режимді «өтпелі» деп сипаттауға болады, өйткені құрылымдық шектеулер бар, нәтижесінде ақша-кредит саясатының елдегі инфляциялық процестерге әсері әлсіреді. Бұл көбіне экономиканың төмен әртараптандырылуымен, импортқа тәуелділіктің жоғары болуымен, қаржы нарығының жеткілікті дамымауымен, жеңіл фискальдық шектеулер кезіндегі мемлекеттік кредиттеудің белсенді болуымен байланысты. Халықаралық тәжірибеде мұндай режим «light IT» деп аталады. Аталған сын-қатерлерді еңсере отырып, біз экономиканың түрлі тәуекелдерге ұшырауының төмендеуін және соның салдарынан ақша-кредит саясатының инфляцияға әсерінің күшеюін күтеміз. Осылайша, біз инфляциялық таргеттеудің толық немесе «full-fledged» режиміне қол жеткізе аламыз. Бұл қабылданатын шешімдердің тиімділігін арттыруға және экономиканың орнықты дамуы үшін базалық артықшылықтарға қол жеткізуге мүмкіндік береді», - деп түсіндірді ҰБ өкілі.

Мұнымен қоса, Ақылжан Баймағамбетов Стратегия аясындағы жұмыстың негізгі бағыттарын айтты.

«Қазіргі бар сын-қатерлерді еңсеріп, ақша-кредит саясатының тиімділігін арттыру үшін біз монетарлық негіздерді күшейту, қаржы секторын одан әрі дамыту, сондай-ақ елдің макроэкономикалық саясаты саласындағы іс-қимылдарды үйлестіру жөніндегі басым міндеттерді қамтитын үш басты бағытты бөліп көрсетеміз», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар