Ұлттық аударма бюросының жоба басшысы «100 оқулықтың» төрт артықшылығын атады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлттық аударма бюросының жоба басшысы Әлібек Қисыбай «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы бойынша қазақ тіліне аударылатын 100 оқулықтың қандай жүйелі мәсеелелерді шешетінін айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мұндай ғылыми аударма жұмысы Қазақстанда бұрын соңды болмаған. 100 оқулықты аудару аясында Қазақстан әлемдегі алдыңғы қатарлы ЖОО-лардағы білім беру орындары, ғылыми орталықтар мен оқулықтар шығаруға маманданған баспа ұйымдарымен тығыз әріптестік орнатпақ. Қазірдің өзінде біз әлемнің 15-ке жуық баспа үйлерімен тікелей әріптестік орнаттық», - дейді Әлібек Қисыбай ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Қорының жанындағы ӘЭСИ-дің оқулықтарды сараптауға арналған кездесуде.

Оның айтуынша, кең көлемді аударма жұмысы қазақ тілін халықаралық ғылыми лексикамен байыта түсуге, ғылыми терминологияны дамытуға, академиялық жазу стилін жетілдіруге, қазіргі ғылыми-зерттеу және баяндау әдістерін меңгеруге зор мүмкіндік береді. Бұл жобаны іске асыру бірқатар аса маңызды және атап өтерлік жүйелі мәселелерді шешуге жол ашады.

«Біріншіден, гуманитарлық бағыт бойынша әлемнің 100 оқулығы қазақ тіліне аударылады. Сол арқылы тілдің дамуына аса қажетті ғылыми мазмұн және лексика дамиды. Екіншіден, гуманитарлық сала бойынша оқитын студенттердің заман талабына сай білім алуына жағдай жасалады. Біздің оқу орындарындағы мазмұн және академиялық талқы деңгейі әлемнің ілгері ғылыми орталықтарының деңгейіне шығады», - дейді ол.

Әлібек Қисыбай айтып өткендей, үшіншіден, аса ауқымды аударма жұмысы Қазақстандағы аударма мектебінің күшейіп, жетілуіне жағдай жасайды.

«Өздеріңіз білетіндей, осыған дейін Қазақстанның аударма мектебі көбіне әдеби аудармаға негізделген болатын. Бұл жоба арқылы біз ғылыми аударманың тікелей қазақ тілі арқылы аударылуына жол ашамыз. Бұл аудармашы мамандар, ғалымдар мен оқытушылардың жаңа негізде жұмыс істеуіне алғышарт болады. Бұл тек аудару процесі ғана емес, сонымен қатар гуманитарлық сала мамандарын кітапты талқылауға тартуға, шетелдік әріптестермен жұмыс істеуге мүмкіндік береді», - дейді Әлібек Қисыбай.

Ол сонымен бірге, Ұлттық аударма бюросы заман талабын да ескеріп отырғанын айтты.

«Төртіншіден, «Цифрлы Қазақстан» жобасына сәйкес және әлемдегі білім беруде онлайн оқу курстарының қарқынды дамып келе жатқандығын ескере отырып, аударылған оқулықтар негізінде мультимедиялық-интерактив лекциялар топтамасын дайындау қарастырылған. Онлайн-оқыту курстары виртуалды негізде жұмыс істейтін «Қазақстанның ашық университеті» арқылы еркін таратылып, әсіресе аймақтық оқу орындарының студенттері мен оқытушылар үшін ерекше пайдалы болмақ. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Қазақстанның ғалымдарын, зерттеу орталықтарын, сала мамандары мен жобаға қызығатын барша жұртшылықты ортақ іске атсалысуға шақырамыз», - деп түйді Әлібек Қисыбай.

Айта кету керек, Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы бойынша қазақ тіліне 18 кітап аударылған болатын.

Соңғы жаңалықтар