Ұлттық атом энергетикасын дамытуға қажет мамандарды даярлауға жіті мән беру керек – ғалым

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ұлттық атом энергетикасын дамытуға қажетті жоғары білікті мамандарды даярлауға жіті мән берген абзал. Бұл туралы Ұлттық ядролық орталығының Атом энергия институты филиалы директорының материалтану зерттеулері жөніндегі орынбасары Ерболат Қоянбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мәскеуге сапары аясында еліміздің Энергетика министрлігі мен Ресейдің «Росатом» атом энергиясы мемлекеттік корпорациясы арасындағы Қазақстан Республикасының атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы қадрларды даярлау жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум рәсімделген болатын. Бұл меморандумның Қазақстан аумағында атом электр стансасы құрылысын жүргізуге еш қатысы жоқ. Атауы айтып тұрғандай, атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласында кадрлар даярлауды көздейді. Өйткені, қазіргі уақытта елімізде ұлттық атом энергетикасын дамытуға қажетті жоғары білікті мамандарды даярлауға жіті мән берген абзал», - деді ол.

Ерболат Қоянбаев таяуда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қазақстан Президенті атом электр стансасына қатысты пайымын жеткізгеніне назар аудартты.

Сонымен қатар АЭС салынған жағдайда білікті мамандардың қажеттілігі күнтәртібіне шығатындығын баса айтты.

«Қазір республика аумағында үш зерттеу реакторы, оның екеуі Курчатовта және біреуі Алматыда пайдаланылып жатқанын айта кету керек. Аталған қондырғыларды басқара алатын қажетті мамандар Ұлттық ядролық орталығында да, Ядролық физика институтында да бар. Әлбетте, бұл мамандар АЭС-ке қажетті ауысымдық жұмысшыларды толық қамтамасыз ете алмайды. АЭС-тің қызметіне жарайтын негізгі мамандарды қазақстандық жоғары оқу орындары даярлап жатыр. Бұл - физиктер, энергетиктер, электриктер, автоматтандыру және бақылау-өлшеу аспаптары саласындағы мамандар. Яғни елімізде техникалық тұрғыдан білімді азаматтар жоқ емес, бірақ олар АЭС-те жұмыс істеу үшін қосымша білім алғаны маңызды», -деді срапашы.

Оның айтуынша, атомдық энергетиканы тиімді дамыту мақсатында ұзақ мерзімді негізде мамандар даярлаудың мемлекеттік жүйесін құру қажет.

Оған бірнеше ұрпақты қамтитын еңбек ресурстары енгізіледі.


Соңғы жаңалықтар