Ұлттық аспап домбыраға ең алғашқы ескерткіш Ақтөбеде қойылды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат -Ақтөбе қаласының орталық көшесінде Домбыра ескерткіші тұр. Ескерткіштің авторы, мүсінші Қуат-Бек Ещанов тапсырыс берушілердің тілегін 20 күн ішінде орындап шыққан. Бұл туралы шебер ҚазАқпарат тілшісіне айтып берді.

Ақтөбе қаласындағы Әбілқайыр хан мен Әлия Молдағұлова көшелерінің қиылысына 2016 жылы Домбыра ескерткіші қойылды. Содан бері ұлттық аспапқа қойылған ескерткіш қала тұрғындары мен қонақтардың жиі суретке түсетін орнына айналды. Әрі шетелдік туристер үшін де домбыраның ескерткіші жиі көрсетіліп, таныстырылады.

Қазақстанда ең алғашқы Домбыра ескерткішін шебер Қуат-Бек Ещанов жасап шықты. Күн мен желге төзімді, табиғи апатқа төтеп беретін берік ескерткіш жасауды ұсынған кезде шебер бірден макетін сызып, оны факспен жолдаған. Бәрі де күтпеген жерден, екіжақты тиімді әрі ұлттық маңызы басым шешім болды. Қуат-Бек Ещанов өміріндегі салмақты тапсырысты бірден қабылдап, бәрін өзі жасап шыққан.

«2016 жылдың 26 ақпаны күні маған қалалық әкімдіктен телефон шалып, домбыра ескерткішін жасау туралы ұсыныс айтты. Мен ұсынысты қабылдап, негізгі жұмысымда жүріп эскизін сызып бердім. Ол кезде факспен жіберген едім, сондықтан сызба электронды болмаған соң, жарамады. Әкімдік компьютерге түсіріп беруін өтінгенімен, мен тек қағаз жүзінде ұсына алатынымды жеткіздім. Көп ұзамай жоба қабылданып, 22 наурызға тапсыруды сұрады. Бар болғаны 20 күнде тапсыруға шешім қабылдадым. Сөйтіп кенже інім Төлебиді көмекке шақырып алдым»,- деді шебер Қуат-Бек Ещанов.
null 

Домбыраны жасауға қажетті құрал-жабдықтың бәрі темір сататын дүкендерден алынды. Домбыраны бекітетін 3 метрлік құбыр да базардан таңдалды.

«Домбыра ескерткішінің биіктігі - 6 метр 30 сантиметр. 12 пернесі бар, қос ішегі трос сымнан жасалды. Ал домбыраның өзі көлікке арналған бояумен сырланды. Бізге жел соққанда құламайтын, берік болсын деп тапсырма берді. Сондықтан жер астына 1,5 метр, тағы 1,5 метр құбыр домбыра тұғыры мен ішіне жіберілді. Кейін ескерткішті қондыратын тұғыр жасауға көштік. Барлығы үш түрлі тұғыр жасалды. Домбыра жерге бекітіліп, адамдардың жанына барып тұруына жағдай жасауды көздеген едім. Құптамаған соң ағаш пен темірден алты қырлы, оюлы тұғыр дайындалды. Оған да рұқсат бермей, қазіргі қалпын қабылдадық. Кірпішпен қаланып, қыш таспен көркемделді. Енді бұл жерге ақын Қадір Мырза Әлінің «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ -домбыра!» деген сөзін жазып қойған дұрыс сияқты. Сол кезде ескерткіштің бар болмысы ашылып, әрлене түседі»,- дейді автор.
null 

Қуат-Бек Ещанов бұл жерден күнде өтеді. Жұмысқа барып, келер кезде көз қиығын салса, анда-санда арнайы келіп тұрады. Алғашында домбыра-пати шарасы жиі ұйымдастырылып, кейін бұл үрдіс кілт тоқтап қалған.

«Домбыра ескерткішінің маңы қайта жарақтандырылып, жарықшамдар қойылды. Енді ескерткіш маңына күй ойнатып қойса деген тілегім бар. Күй адам санасын жаңғыртуға өз септігін тигізер еді. Әр адам қанаттанып, рухтанып жұмысқа, сабаққа барса, келіп тынығып күй тыңдаса деймін. Мен домбыра тартпаймын, бірақ әкем тартқан, аға, інім домбыра шертуді біледі»,- деді шебер.
null 

Қуат-Бек Ещановтың атасы Дәрібай ұста болған. Оның қайда жерленгені белгісіз. Себебі, темір ұстасын Ресейдің зауытына жұмысқа алып кетіп, соғыс жылдары із-түзсіз жоғалған.

«Қалаларға қазақтың ұлттық болмысын көрсетіп, рухын көтеріп тұратын ескерткіш қойған дұрыс. Бізге шетелдік атрибуттарды енгізудің қажеті жоқ. Шетелдіктер келсе де, қазақтың өз ерекшелігін іздеп келеді. Ал біздегі еуропалық заттар олар үшін таңсық емес. Сондықтан ұлттық нақышқа басымдық беру керек. Мәселен, бесік. Қазақ бесіктің киесі бар екенін біледі. Бесік, оның құрал-жабдықтарын түгел жасап, айналып тұратындай көркем етіп қойсақ, бәрі қызығады. Сол сияқты ер-тұрманға да жақсы реңк беруге болады. Ниет болса, шеберлерге тапсырыс берсе, кез келген қаланы қазақтың ұлттық атрибутына толтырар еді»,- деді Қ.Ещанов.
null null 

Айта кетейік, шебер қазір Ақтөбе ферроқорытпа зауытында жұмыс істейді. Егер тапсырыс түссе бірнеше туындының үлгісін дайындап, қаланың бас жоспарына сайы ерекше ескерткіштер ұсынуға әзір.

Соңғы жаңалықтар