Ұлттық арнада «JańǵyryQ» жобасы басталады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Qazaqstan» телеарнасы отандық әншілердің қатысуымен «JańǵyryQ» жобасын бастайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Басым бағытымыз - ұлттық ән-күй өнері. «Мен қазақпын» ұлттық мега жобасы мен «Ұлы дала сазы» жобасы - ақпараттық кеңістігіміздегі ұлттық музыка бағытындағы бірегей жобалар ретінде өз орнын айқындады. «Qazaqstan» телеарнасының көрермендері саналуан, соның ішінде жастардың үлесі көп. Сол жастардың отандық музыканы тыңдап, талғамы мен таңдауы қатар дамуы үшін заманауи музыкаға да ден қойып отырмыз. Жаңашыл туындылар ұсынып жүрген жастарды да қолдап келеміз. Өз жерімізде пайда болған q-pop жанрының жанкүйерлері де көп. Қазақ тілі мен қазақ музыкасын түрлендіріп, өздігінше дамытқан бұл субмәдениетке де арнамыз эфирінен орын берді», - деді жоба продюсері Мақпал Жұмабай ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, еліміздің мәдени өміріндегі елеулі оқиға - Димаш Құдайбергеннің халықаралық деңгейдегі «Арнау» атты ірі концертін «Қазақстан» телерадиокорпорациясы ұйымдастырып отыр.

«Назарларыңызға ұсынып отырған «JańǵyryQ» жобасы заманауи қазақ музыкасында өз жолын салып келе жатқан авторлық музыкаға арналған. Бұл жоба өзіндік ойымен, орындау мәнерімен, шығармашылық идеясымен ерекшеленетін авторларды жинайтын музыкалық алаң. «JańǵyryQ» - авторлық музыка мен жанды дыбысты насихаттайтын еліміздегі бірден-бір музыкалық жоба. Бұл жоба музыка саласындағы авторлық көзқарас пен орындаушылық өзгешеліктерді көрсетуімен құнды. Жоба бұқаралық сипат алған бүгінгі ән өнеріне жаңа тыныс береді. Сол арқылы өзіндік әуезі мен ұстанымы бар авторлардың қалыптасуына себеп болмақ. Біз «JańǵyryQ» жобасы арқылы жаңа музыкалық бағыттардың, мәдени қауымдастықтардың тууына ықпал етеміз деп сенеміз», - дейді Мақпал Жұмабай.

«JańǵyryQ» жобасы 4 концерттен тұрады. Жоба ерекшелігі - әр орындаушының өз музыкалық тобы бар және ол өзінің авторлық туындыларын ғана орындайды. Жобаға эксперименталды электронды музыка өкілдері де қатысады. Ал түсірілім бір дубльмен, концерттің шынайылығын сақтау арқылы жүзеге асқан. Дыбыс пен видео сапасын қамтамасыз ету үшін арнайы режиссерлық топ пен дыбыс режиссерлері жұмыс істеген.

«Жанды дауыстағы концерттер мен live форматтағы жобаларға ғана қатысамын деп осыдан бір жыл бұрын шешім қабылдаған едім. Дегенмен, бұл ұстанымымызды жүзеге асыратын алаңдар аз болды. Осы ретте «Qazaqstan» телеарнасының бұл бастамасы өте маңызды. Мұндай жобалар біз секілді әнші-авторлардың шығармашылық мүмкіндігін ашуға, жанды дыбыстың салтанат құруына және тыңдарманның талғамынынан шығуға ықпал етеді», - дейді Мақпал Жұмабай.

null

Жобаға 12 орындаушы - Moldanazar тобы, Мархаба Сәби, Satzhan project, Maqpalsher, Darkhan Juzz, Jeltoksan, DAMU, Qonyratbay Fam, Qudyr, ARShAT, ámir қатысып отыр.
null

«JańǵyryQ» жобасының тұсаукесерін 6 сәуір күні сағат 11:40-та «Qazaqstan» Ұлттық арнасынан көруге болады. Айта кетейік, «JańǵyryQ» жобасының идея авторы - Ерлан Қарин, продюсері - Мақпал Жұмабай, қоюшы-режиссері - Тоғжан Құрманжанқызы, дыбыс режиссері - Оралхан Сәдуақас.
null

Соңғы жаңалықтар