Ұлттық арна халық әндері мен композиторларының шығармаларын дәріптемек

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасында 26 шілдеден бастап дәстүрлі музыка мен оның тарихынан сыр шертетін «Күміс көмей» ұлттық музыкалық танымдық бағдарламасы эфирге шығады.

Бұл туралы «Қазақстан» РТРК» АҚ баспасөз қызметі мәлім етті. Ұлттық музыканы дәріптеу мақсатында қолға алынған жобаға С. Жанпейісова, Т. Нұркенов, Е. Шүкіман, М. Мықтыбаев, Е. Қосбармақов, А. Ноғайбаева, Е. Рысқали, Т. Кененқызы, О. Құлсымақ, А. Өтешов, Г. Сарина, П. Тұрарова, Б. Бәбіжан сынды елге танымал өнерпаздар қатысады.

Қатысушылар домбыра, қобыз, сыбызғы, сазсырнай, сырнай, жетіген, т.б. аспаптардың сүйемелдеуімен халық әндері мен күй-термелер орындап, карантиндегі шектеулерге байланысты ұлттық өнерден қол үзіп қалған талғампаз көрерменді әсем әуендермен сусындатады.

Сондай-ақ телебағдарламада ұлттық музыканың бастауында тұрған халық композиторлары шығармашылығы мен халық әндері, дәстүрлі музыка мектептерінің тарихы туралы айтылады.

Бағдарлама жүргізушісі - ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, дәстүрлі әнші Айгүл Қосанова. Жоба «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасынан әр жексенбі 20:00-де эфирге шығады.


Соңғы жаңалықтар