Ұлттар лигасы: Келесі маусымда Қазақстан құрамасы қай командамен ойнауы мүмкін

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлттар лигасы аясында Қазақстан футболшылары Беларусь құрамасынан басым түскеннен кейін өз тобында бірінші орын алып, турнирде бір саты жоғары көтерілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қош бол, С дивизионы!

Қазақстан мен Беларусь арасындағы матч қарсаңында командалардың турнир кестесіндегі жағдайы да, алдағы перспективалары да әртүрлі еді: біздің футболшылар 10 ұпаймен топ бастап тұрды. Беларусь құрамасы керісінше төрт кездесуде екі-ақ ұпай жинап, соңғы орында келе жатты.

С лигасында қалу үшін оларға Астанада қазақстандықтарды міндетті түрде жеңу керек болған.

Айта кету керек, биылғы маусымда Қазақстан құрамасымен тең түскен жалғыз Беларусь болатын. Минскіде командалар 1:1 есебімен ұпай бөліскен.

Астанада Беларусь құрамасын жеңіп, Қазақстан футболшылары С-3 тобында бірінші орыннан түспейтіні белгілі болды. Топтық турнирдің аяғына дейін бір тур қалды.

Словакия мен Әзербайжан құрамалары екінші орын үшін өзара таласады. Сондықтан әзербайжандықтар Бакуде біздің құрамадан басым түсу үшін барын салады.

Магомед Адиев келесі маусымға дайындалып, жетекші ойыншыларға демалыс беріп, алаңға қосалқы құрамды шығаруы мүмкін. Егер Әзербайжан құрамасы жеңіске жетіп жатса, Словакия Братиславада Беларусьтен басым түссе де, оларға жете алмайды.

Ал беларустар С дивизионындағы өзге топтардағы аутсайдерлермен сынға түседі. Ол кездесулерде жеңілген команда D дивизионына түседі.

Онда Лихтенштейн, Люксембург, Мальта секілді елдер ойнайды. Беларусь құрамасы - Литва, Гибралтарға (екеуі де өз тобында соңғы орыннан көтерілмейді) қарсы ойнауы мүмкін.

Тағы бір қарсылас Солтүстік Ирландия мен Косовоның бірі болады, олар қалған ойындарда үшінші орынға таласады.

В дивизионында Қазақстанның қарсыластары кім болады?

Биылғы маусымда В дивизионында: Шотландия, Украина, Ирландия, Армения, Исландия, Израиль, Албания, Босния, Финляндия, Румыния, Черногория, Швеция, Норвегия, Сербия, Словения ойнап жүр.

Алайда келесі маусымда дивизион құрамы біршама өзгереді – Ұлттар лигасының форматы осындай. Топ жеңімпаздары А дивизионына жоғарылайды, ал топтарында төртінші орын алған командалар біро саты төмен дивизионға түсуге мәжбүр болады.

Әзірше қазапқстандықтармен бірге В дивизионына Түркия құрамасы да көтерілетіні белгілі. С дивизионының қалған екі тобында жоғары лига жолдамасын Грекия мен Косово, сонымен бірге Грузия, Солтүстік Македония мен Болгария сарапқа салады.

Осы командалардың ішінде екеуі Қазақстанмен бірге В дивизионына өтеді. Ал қазіргі В тобында кім қалады, кім кетеді деген сұраққа жауап беру әзірге мүмкін емес. Өйткені қалған екі ойында көшбасшылар да, соңғы орындағы командалар да өзгеріп кетуі мүмкін.

Бұдан бөлек В дивизионына А дивизионынан өз тобында соңғы орын алған төрт команда түсетінін де естен шығармау керек.

Қазіргі таңда төртінші орында Австрия, Швейцария, Англия және Уэльс құрамалары келе жатыр. Олардың орнын Франция мен Польша да басуы ықтимал.

Бірақ алда әлі екі матч бар, бәрі өзгеріп кетуі мүмкін.

Қалай десек те, Қазақстан құрамасының бұл жеңісін тарихи жетістік деп атауға болады. Біріншіден, Қазақстан бір тур бұрын топ жарды.

Екіншіден, Қазақстан құрамасы алғаш рет Ұлттар лигасының В дивизионында өнер көрсетеді.

Сонымен қатар кеше біздің команда Беларусь құрамасын алғаш рет жеңді, бұған дейін беларустарды жеңе алмай жүрген. Қазақстан құрамасының қарсыласы кім болса да бұл мықты командалар болатыны анық.

Бірақ қорғаныста жатып алмай, шабуылға шыққанды тәуір көретін біздің құраманың ойынына қарап, ел футболының болашағына сеніммен қарауға болады.


Соңғы жаңалықтар