Ұлттар лигасы: Қазақстан мен Латвия тең түсті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан Ұлттар лигасында үшінші тур ойындары өткізілді. Аталмыш доп додасында Д дивизионы бірінші тобында сынға түсетін Қазақстан құрамасы сырт алаңда Латвиямен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Латвия құрамасы оңай қарсылас саналмайды. Бұған дейін талай қарсыласына тегеурінді қарсылық көрсете білді. Десе де Ұлттар лигасында өз жанкүйерлерін қуанта алмай келеді. Алғашқы екі кездесуде небәрі бір ұпай ғана жинай алды. Біздің жігіттер де дәл сондай жағдайды бастан өткізіп отыр. Ол жайында бұған дейін хабарлаған едік. Сондықтан екі құрама үшін де бүгінгі ойын аса маңызды еді.

Есепті алғашқы болып біздің құрама ашты. Бұл ойынның 16-минуты болатын. Сол қанаттан Дмитрий Шомко алаң иелері қақпасына әуелете доп берген еді. Бұл мүмкіндікті қазақстандық жартылай қорғаушы Бақтияр Зайнутдинов пайдаланып, гол соғып кетті. Бұдан кейін де біздің жігіттер алаң иелері қақпасы маңында шабуылды күшейте түсті. 26-минутта Исламбек Қуат айып алаңы маңында қақпаға доп бағыттаған еді. Оны латыш қақпашысы Андрис Ванин әрең сыртқа шығарып үлгерді. Қазақстан құрамасының алғашқы кезеңде есепті ұлғайтуға тырысты. Дегенмен оған латыштар да жауап беріп, шабуылға шығуды ұмыта қойған жоқ. Біздің қақпа маңында қауіпті сәттер болып жатты.  

Екінші кезеңде де біздің жігіттер алға қарай ентелей түсті. Біздің футболшы Евгений Постников 48-минутта гол соғатын тамаша мүмкіндікті пайдалана алмады. Латыш қорғаушылары өз айып алаңында өрескел қателік жіберіп алған еді. Сол сәтте Евгений Постников ұрымтал орында тұрды. Десе де оның қақпаға бағыттаған добы діттеген мақсатына жете алған жоқ.

Ал 63-минутта Бауыржан Исламханның тепкен добы қақпадан жоғары тиді. Бұдан кейінгі сәттерде ойын деңгейі теңескендей болды. Ал 74-минутта Абзал Бейсебеков гол соғатын тамаша мүмкіндікті мүлт жіберді. Оған Роман Мұртазаев әуелете әдемі пас шығарып берген еді. Бұл сәтте Абзал Бейсебеков латыш қақпашымен бетпе-бет шықты. Екінші кезеңде алма-кезек шабуыл көрініс тапқанымен ойын есебі өзгерген жоқ. Есеп 1:1.

Бұл топтағы Грузия Андорраны 3:0 есебімен тізе бүктірді.

Үш турдан кейін тоғыз ұпай жинаған Грузия көш басында келеді. Қалған үш құраманың еншісінде екі-екіден ұпай бар. Әр топтан бірінші орын алған құрамалар келесі футбол маусымында бір лига жоғары ойнауға мүмкіндік алады.

Біздің құрама бұған дейін Астанада Грузияға 0:2 есебімен есе жіберсе, одан кейін сырт алаңда Андоррамен 1:1 есебімен тең түсті. 

Енді Қазақстан құрамасы 16 қазанда өз алаңында Андорра құрамасын қабылдайды.

Соңғы жаңалықтар