Ұлттар лигасы: Қазақстан құрамасының мүмкіндігі қандай

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан УЕФА Ұлттар лигасында Д дивизионында бірінші тобында Қазақстан құрамасы өз алаңында Андорраны қабылдайды. Бұл төртінші тур ойындары болмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Андорра футболы әлемде жоғары бағалана бермейді. Аталмыш мемлекет Еуропадағы шағын елдің бірі саналады. Онда 85 мыңнан астам адам тұрады. Бұл елде футбол командалары да санаулы. Олардың барлығы дерлік әуесқойлық деңгейде екені белгілі. Андорра құрамасы халықаралық доп додаларына 1996 жылдан бері қатысып келеді. Сол жылы 13 қарашада өз елінде Эстониямен жолдастық кездесу өткізіп, бұл қарсыласынан 1:6 есебімен жеңіліп қалды. Бүгінгі күнге дейін барлығы 48 жолдастық кездесу өткізіп, оның небәрі 4-інде ғана басымдығын көрсетті. Ал 12 ойында тең түссе, қалғанында қарсыластарына жол берді.

Андорра алғашқы ресми матчын 1998 жылдың 5 қыркүйегінде сырт алаңда Армениямен өткізді. Еуропа біріншілігі іріктеу кезеңіндегі кезекті ойында олар 1:3 есебімен жеңілістің ащы дәмін татты. Сол іріктеу кезеңінде бірде-бір ұпай жинай алмай, турнир кестесінде соңғы орында қалып қойды. Оларға Франция, Украина, Ресей, Исландия, Армения қарсылас болды. Содан бері андорралық футболшылар аталмыш бәсекенің іріктеу кезеңіне төрт мәрте қатысты. Ешбірінде соңғы орыннан жоғары көтеріле алған жоқ. Бұл бәсекеде бүгінге дейін бірде-бір мәрте ұпайға қол жетізе алмай жүр.

Аталмыш құрама әлем біріншілігінің 5 іріктеу кезеңінде бақ сынады. Барлығы 52 ойында 2 мәрте ғана жеңіске жетті, 3 рет тең түсті. Қалғанында қарсыласы ығына жығылды. Алғаш рет 2004 жылдың 13 қазанында өз алаңында Маедонияны, 2017 жылдың 9 маусымында Венгрияны 1:0 есебімен тізе бүктірді. Әлем біріншілігі іріктеу кезеңіндегі әзірге ауыз толтырып айтарлық толайым табысы осы ғана болып тұр.

Қазақстан мен Андорра құрамалары 2010 жылғы әлем біріншілігіне іріктеу кезеңінде алтыншы топта жолдары түйісті. Екі кездесуде де біздің құраманың қанжығасы майланды. 2008 жылдың 20 тамызында Алматының орталық стадионында Қазақстан футболшылары оларды 3:0 есебімен тізе бүктірсе, 2009 жылдың 9 қыркүйегінде 3:1 есебімен тағы да басым түсті.

Андорра үстіміздегі жылы жақсы ойын көрсетіп келеді. Бүгінгі күнге дейін 6 кездесу өткізді. Олардың 1-де жеңіске жетсе, 1-де қарсыласына есе жіберіп, қалғанында тең нәтиже тіркелді. Бұл бұрын жеңілістен үнемі көз ашпайтын құрама үшін жоғары жетістік. Тең ойынның ішінде біздің Қазақстанмен осы Ұлттар лигасындағы алғашқы кездесуі де бар.

Естеріңізге сала кетелік, үстіміздегі жылдың 10 қыркүйегінде қос құрама 1:1 есебімен ұпай бөліскен еді.

Біздің құрама бұдан басқа екі ойын өткізді. Алдымен  Астанада Грузияға 0:2 есебімен есе жіберсе, 13 қазанда сырт алаңда Латвиямен 1:1 есебімен тең түсті.

Біздің топта Грузия құрамасы көш бастап келеді. Олардың еншісінде 9 ұпай бар. Ал қалған құрамалар екі-екіден ұпайдан алған. Топтағы бірінші орын Грузияға бұйыратын секілді. Өйткені, олар мен қалған құрамалар арасындағы ұпай айырмасы едәуір алшақ.

Қазақстан мен Андорра құрамалары арасындағы кездесу Астана уақытымен сағат 20-00-де басталады. Ойын Qazsport телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Сондай-ақ, бүгін осы топтағы Латвия мен Грузия шеберлік байқасады. Кездесу 00-45-те басталады.  

Соңғы жаңалықтар