Ұлттар лигасы: Қазақстан Грузиядан қарымта қайтара ала ма

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасы топтық кезеңіндегі соңғы ойынын Грузияға қарсы өткізеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Еске салайық, біздің құрама Д лигасының бірінші тобында Грузия, Латвия және Андорра құрамаларымен бәсекеге түсті. Дегенмен, келер жылы С лигасына бұл топтан берілетін жалғыз жолдама тағдыры екі тур бұрын шешіліп қойды. Төрт ойын бойы бірде-бір ұпайды шашау шығармаған Грузия келер жылы С лигасында бәсеке көрігін қыздырады. Қазіргі таңда екінші орын үшін қалған үш құрама да үміткер болып отыр. Әрине, Латвия мен Андоррадан біздің құраманың мүмкіндігі көп. Қазақстандықтар қоржынында 6 ұпай бар. Ал Латвия мен Андорра әзірге үш-үш ұпайдан иеленген.  

ҚР ұлттық құрамасы бүгінгі күнге дейін 5 ойын өткізді. Оның бірі жеңіспен аяқталды, үшеуінде тең нәтиже тіркелсе, бір ойында қарсыласына есе жіберді. Алғашқы турда өз алаңында Грузиядан 0:2 есебімен жеңілсе, одан кейін алдымен Андорра, сосын Латвиямен 1:1 есебімен тең нәтиже тіркелді. Ал төртінші турда елордада Андорраны 4:0 есебімен жеңгенімен, бесінші турда өз алаңында Латвиямен тағы да 1:1 есебімен тең түсті.

Негізінде доп додасы басталмас бұрын біздің құрама алдына өз тобында бірінші орын алу міндеті қойылды. Дегенмен, оған қол жеткізу турнир барысында қиындай түсті. Енді екінші орын алудың өзі оңайға соқпай отыр. Десе де, бүгін құрама сырт алаңда тең түсіп немесе жеңіске жеткен жағдайда ол орынды сақтап қалады. Қазақстан Грузиядан қарымта қайтара ала ма? Егер Андорра мен Латвия кездесуінде тең нәтиже тіркелген жағдайда да біздің құрама екінші орынға қол жеткізеді. Оның жауабын бүгінгі ойындарда анықтайтын боламыз.

Айта кетелік, ұлттық құрама сапында бірқатар өзгерістер болды. Негізгі құрамадағы бірнеше футболшыға бапкерлер шешімімен демалыс берілді. 

Бұған дейін Қазақстан құрамасының алғашқы минуттарда Грузияға қарсы шығатын құрамы жарияланған болатын.

Грузия мен Қазақстанның кездесуі Астана уақытымен 23.00-де басталады. Ол Qazsport телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі. Сондай-ақ, бүгін дәл сол уақытта Андорра мен Латвия құрамаларының кездесуі басталады.

 

Соңғы жаңалықтар