Ұлттар лигасы: Қазақстан Андорраны бірінші таймнан кейін 2:0 есебімен ұтып жатыр

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат  -  Футболдан УЕФА Ұлттар лигасы Д дивизионының бірінші тобында өнер көрсететін Қазақстан құрамасы «Астана Аренада» Андорраны қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан құрамасының бас бапкері Станимир Стойлов бұл жолы бірқатар өзгерістер енгізді.

Атап айтқанда, қорғаныста Юрий Логвиненко мен Ғафуржан Сүйімбаев, орта тұста Серікжан Мұжықов, шабуыл шебінде Еркебұлан Сейдахмет пен Бауыржан Тұрысбек бірден алаңға шықты. Бапкердің бұл әдісі өз жемісін берді деуге болады. Сондай-ақ Ненад Эрич (қақпашы), Евгений Постников, Абзал Бейсебеков, Георгий Жуков, Бауыржан Исламхан, Бақтиер Зайнутдинов  ел намысын қорғады.

Андорралықтар Жозеп Гомес, Марк Валес, Марк Ребес, Ильдефонс Лима (капитан), Марк Пухоль, Жорди Алаэс, Мойсес Сан-Николас, Жоан Цервос, Чус Рубио, Макс Льовера, Виктор Родригеске сенім артты.

Қазақстандықтар үшін аса маңызды бәсеке алаң иелерінің басымдылығымен өрбіді. Сол қанаттан команда капитаны Б.Исламханның әуелете асырған добын Е.Сейдахмет баспен бағыттағанымен, қақпадан қиыс кетті. Бірақ көп ұзамай, 21-минутта дәл осындай жағдайда Еркебұлан Бауыржанның тамаша пасынан кейін есеп ашты - 1:0. Бұл ресейлік «Уфа»клубында ойнайтын «Қазақ Мессиі» атанған 18 жасар Е.Сейдахметтің Қазақстан құрамасы үшін ресми матчтағы алғашқы голы еді. Ол биылғы 23 наурызда Венгриямен өткен бірінші ойынында доп соғып, көзге түскен еді. Бірақ ол жолдастық кездесу болатын.

Абзал Бейсебековтің қауіпті соққысын Жозеп Гомес қайтарып үлгерсе, Е.Сейдахметтің пасынан кейін Б.Тұрысбектің баспен ұрған добы қақпадан жоғары кетті.

Андорралықтар да қарап қалмай, Н.Эрич қорғаған қақпаға қауіп төндірді.

Еркебұлан мен Бауыржан Тұрысбектің бірін-бірі түсінісіп ойнауы 39-минутта айқын көрінді. Айып алаңына әдемі кірген Е.Сейдахметтің пасынан кейін Бауыржан қақпа бұрышын дәл көздеді - 2:0.

Бұдан кейін де қазақстандықтар қонақтар қақпасын жиі қарауылға алғанымен, есеп өзгерген жоқ.

Осылайша бірінші таймнан кейін Қазақстан Андорраны 2:0 есебімен жеңіп жатыр.

Еске сала кетейік,бұдан бұрын Ұлттар лигасында Қазақстан құрамасының мүмкіндігі қандай екендігін жазған болатынбыз.

фото: kff.kz

Соңғы жаңалықтар