Ұлттар лигасы: Іріктеу кезеңі мәреге жетті
Біз бұдан бұрын Ұлттар лигасының финалдық кезеңінде сынға түсетін құрамалардың анықталғаны жөнінде хабарлаған едік. Онда А лигасында өз топтарында бірінші орын алған Голландия, Швейцария, Португалия және Англия құрамалары өзара мықтыны анықтайды.
Енді қай лигада кімдер жоғарылады және қайсысы төменгі лигаға түсіп қалғанын айта кетейік.
А лигасынан Германия, Исландия, Польша, Хорватия келесі Ұлттар лигасында В лигасында бақ сынайтын болды. Олардың орнын Украина, Швеция, Босния және Герцоговина, Дания құрамалары басты.
Ал В лигасынан С лигасына Словакия, Түркия, Солтүстік Ирландия, Ирландия құрамалары түссе, олардың орнына С лигасынан Шотландия, Финляндия, Норвегия, Сербия құрамалары келді.
С лигасынан Д лигасына Албания, Эстония, Словения, Литва құрамалары төмендесе, Д лигасында жеңімпаз болған Грузия, Беларусь, Косово, Македония құрамалары жоғарылады.
Бұдан бұрын Ұлттар лигасының талабы мен тәртібі жөнінде хабарлаған едік.
Қазақстан құрамасы аталмыш доп додасының Д лигасы бірінші тобында сынға түсті. Барлығы 6 ойын өткізіп, оның бірі жеңіспен аяқталды, үшеуінде тең нәтиже тіркелсе, екі ойында қарсыласына есе жіберді. Алғашқы турда өз алаңында Грузиядан 0:2 есебімен жеңілсе, одан кейін алдымен Андорра, сосын Латвиямен 1:1 есебімен тең нәтиже тіркелді. Ал төртінші турда елордада Андорраны 4:0 есебімен жеңгенімен, бесінші турда өз алаңында Латвиямен тағы да 1:1 есебімен тең түсті. Соңғы ойында сырт алаңда Грузияға 1:2 есебімен жол берді.
Ұлттар лигасы финалдық сатысының жеребесі үстіміздегі жылдың 3 желтоқсанында тартылады. Жарыс жартылай финал, үшінші орын үшін сайыс және финалдан тұрады. Сондай-ақ, 2 желтоқсанда Ирландия астанасы - Дублин қаласында 2020 жылғы Еуропа біріншілігі іріктеу кезеңінің жеребесі тартылады.