Ұлттар лигасы: Екінші орын кімге бұйырмақ

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат -  Бүгін, 15 қарашада футболдан Ұлттар лигасының  5-тур ойындары басталады. Аталмыш бәсекеде Д лигасының бірінші тобында сынға түсетін Қазақстан құрамасы өз алаңында Латвияны қабылдайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Біздің құрама келесі жолы да Д лигасында бақ сынайтынын білеміз. Өйткені, біздің топтан жарысты жалғастыру мүмкіндігіне Грузия футболшылары екі тур бұрын қол жеткізіп қойды. Сондықтан енді біздің өз тобымызда кем дегенде екінші орын алу үшін бүгінгі ойында жеңіске жетуіміз өте маңызды. Екінші орын Қазақстан мен Латвияның біріне бұйыруы мүмкін. Бүгінгі кездесуде сол сауалдың жауабын шешіледі. Себебі, қай құрама жеңіске жетсе, сол екінші орынға жайғасады. Ал Қазақстан келесі турда Грузиямен, Латвия Андоррамен сырт алаңда кездеседі. Қысқасы, бізден гөрі Латвияға ұпай қорын толықтыруға мүмкіндік зор.

Екі құрама 13 қазанда Латвияда бір ойын өткізді. Бұл кездесуде олар 1:1 есебін қанағат тұтты. Одан кейін біздің жігіттер өз алаңында Андорраны 4:0 есебімен ойсырата жеңді. Ал Латвия өз алаңында Грузиядан  0:3 есебімен сүрінді.

Қазақстан құрамасы Латвиямен ойынның алдында бірқатар футболшылар көмегіне жүгіне алмайтын болды. Солардың бірі - Ресейдің «Уфа» командасының жартылай қорғаушысы Еркебұлан Сейдахмет жарақаттанып қалды. Сондай-ақ, Евгений Постников, Дмитрий Шомко, Ян Вороговский де аталмыш матчқа қатыспайды. Олардың орнына Юрий Перцух, Оралхан Өміртаев және Иван Антипов шақырылды.

Латвия құрамасының бас бапкері Миксу Паателайнен алдағы ойынға дайындық барысы жайында айтып өтті. Ол біздің жігіттер өте жылдам қимыл көрсете алатынына назар аударды. Сондықтан алдағы кездесуде тартысты бәсеке өрбитініне үміт артты.

Екі команда бұған дейін алты мәрте шеберлік байқасқан. Қазақстан 2016 жылы 13 қазанда Еуропа біріншілігіне іріктеу кезеңінде сырт алаңда аталмыш қарсыласын 1:0 есебімен тізе бүктіріп қайтты. Латыштар 2002, 2004 жылдарда жолдастық кездесулерде біздің құраманы жеңді. Қуаныштысы, соңғы төрт кездесуде біздің құрама оларға есе жіберіп көрген жоқ. Сол себепті бүгін біздің жігіттер жанкүйер қауымға қуаныш сыйлайды деген үміттеміз.

Қазақстан мен Латвия құрамалары арасындағы кездесу Астана уақытымен 21-00-де басталады. Ойын тікелей эфирде «Qazsport» телеарнасынан көрсетіледі. 

Соңғы жаңалықтар