ҰЛТ ЖОСПАРЫ: «Орталық-Оңтүстік» дәлізін қалпына келтірудің арқасында Қарағанды облысында 1000-ға жуық жұмыс орны құрылды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Ұлт жоспары - бес институционалдық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам автожол саласындағы бірқатар шараларды қарастырады.

Жол-көлік инфрақұрылымын ұстау және дамыту бойынша бірыңғай операторды құру үшін стратегиялық (зәкірлі инвесторлар) тартылады.

Қазақстанда республикалық маңызы бар жолдарды күту және оларға қызмет көрсету бойынша негізгі тапсырыс беруші - Инвестициялар және даму министрлігінің автомобиль жолдары комитеті. 2013 жылдың наурыз айында бірыңғай оператор ретінде «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы» АҚ құрылды. Сондай-ақ әр аймақта оның облыстық филиалдары бар.

Қарағанды өңірінде қандай жұмыс жүргізіліп отырғаны туралы «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ облыстық филиалы директорының орынбасары Игорь Гафтон мәлім етті.

«Мемлекет басшысының «Нұрлы жол -болашаққа бастар жол» бағдарламасының аясында елдің автожол инфрақұрылымын дамыту бойынша жұмыс жүргізіліп отыр. Республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын қалпына келтіру және салу бойынша бірқатар көлемді жобалар іске асырылуда. 2013 жылдан бері Қарағанды облысының аумағында «Орталық-Оңтүстік» дәлізінің учаскелерін қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп келеді», - деді ол.

Бірінші кезеңге Астана қаласынан Теміртауға дейінгі учаскені қалпына келтіру кіреді. «Қарағанды облысының аумағы бойынша Ақмола облысының шекарасынан Теміртауға дейін, Осакаровка кентіндегі айналма жолды есептегенде 93 шақырым жол өтеді.

І-ші техникалық санаттағы, түрлі деңгейлердегі заманауи көліктік жол айырықтары, көпір құрылыстары бар төрт жолақты жол салынбақ. Оған цемент-бетон төселеді. Жобалау кезеңінде жұртшылық қатысқан тыңдаулар өткізіліп, елді мекендердің тұрғындарының тілектері ескерілді», - дейді И.Гафтон.

2015 жылдың қараша айында күре жолдың жаңартылған бір жағы бойынша қозғалысты ашу жоспарланған. Бұл учаскені пайдалануға беру 2016 жылға көзделіп отыр.

Келесі кезеңдерге Теміртау-Қарағанды-Балқаш-Алматы учаскелерін қалпына келтіру кіреді. Қозғалыстың қарқындылығын ескере отырып, Теміртау мен Қарағандының арасында облыс орталығын солтүстік және шығыс жақтарынан айналып өтетін алты жолақты жол салынбақ. Астана-Қарағанды бағытындағы жаңа күре жолдың құрылысын 2017 жылға қарай аяқтау жоспарланған. Алматы қаласына дейінгі жолды жаңғырту жұмыстары 2020 жылға дейін қарастырылып отыр.

«Қарағанды облысы бойынша жұмыстардың жалпы құны 55 млрд. теңгені құрайды. Қаржыландыру кезең-кезеңмен жүргізілуде. 2015 жылға 14,1 млрд. теңге бөлінген. Теміртауға дейінгі учаскеде мердігерлер ретінде үш отандық компания анықталған. Жалпы алғанда 1000-ға жуық жұмыс орны құрылды, олардың арасында Қарағанды облысының тұрғындары да бар. Бұдан басқа, 4 цемент-бетон зауыты, асфальт-бетон зауыты, 3 ұнтақтағыш-сұрыптау кешені, 4 топырақ араластырғыш құрылғы, 4 бетон төсеу кешені тартылып отыр. Бұл кәсіпорындардың жұмыспен қамтылып, жұмыскерлердің іссіз отырмайтынын білдіреді», - деп атап өтті И.Гафтон.

Сондай-ақ ол дәлізді қалпына келтіру жол бойындағы қызмет көрсетудің дамуына септігін тигізетініне тоқталып өтті. Республикалық маңызы бар жолдың бойында кемпинг, көлікке жанар-жанармай құю бекеттері және өзге де нысандарды салуға заманауи талаптар қойылып отыр.

«Бұдан басқа, Қарағанды облысында 2015 жылы Молодежный, Киевка, Қарқаралы кенттері мен Жезқазған аймағына қарай баратын 122 шақырым жолды орташа жөндеуден өткізу жоспарланған. Сондай-ақ екі учаске - Нұра ауданындағы Ақмола облысымен шекаралас ұзындығы 21 шақырым жол мен Бастау-Ақтау-Теміртау бағытындағы 41 шақырым жол күрделі жөндеуден өткізілмек», - деп хабарлады «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ облыстық филиалы директорының орынбасары.

Оның айтуынша, Жезқазған және Қызылорда қалаларының арасындағы күре жолдың құрылысына жекеменшік инвестицияларды тарту мәселелері қарастырылуда. Бұл жобаға қытайлық компания қызығушылық танытып отыр.

Соңғы жаңалықтар