Ұлт жоспары: Ақмола облысында 2016 жылдың бірінші тоқсанында 96 адам мемлекеттік қызметке сынақ мерзімімен қабылданды-Е.Жайықбаев

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі Ұлт жоспарының 1 және 2 қадамдарында Мемлекеттік қызметке қабылдау ресімдерін жаңғырту. Мемлекеттік қызметке қабылдау төменгі лауазымдардан басталуы және Төменгі лауазымдарға кандидаттарды реттеу және одан әрі лауазымдық өсу іскерлік қасиеттер негізінде жүзеге асырылуы тиіс деп айтылған болатын.

Бүгінгі күні бұл бағытта қолға алынған жұмыстар Ақмола облысында да ойдағыдай жүзеге асырылып жатыр. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері министрлігі Ақмола облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Ерлаз Жайықбаев түсіндіріп берді.
Оның айтуынша, «Ұлт жоспары - 100 нақты қадам» стратегиясындағы міндеттерді жүзеге асыру мақсатында үстіміздегі жылдың 1 қаңтарынан бастапғ Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа заңы қолданысқа енгізілген болатын. Ол кадрларды іріктеудің жетілдірілген тәсілдерін енгізу арқылы мемлекеттік қызметтің кадрлық құрамын сапалы жақсартуды, мансаптық жоғарылату мен кәсіби дайындықты көздейді.
«Мемлекеттік басқарушылар қатарына барынша білікті, өз міндеттерін тиянақты, әрі адал атқаратын мамандарды тарту мақсатында аталған заңның негізіне меритократия қағидаты енгізілген. Мемлекеттік қызмет пен оның тұрақтылығының серпінділігі арасындағы теңгерім анықталып, заңды түрде бекітілді. Мемлекеттік мекеменің басшысы ауыса қалған жағдайда ұжымдағы басқа да қызметкерлердің топтық алмастырылуы қатаң түрде тек байқау өткізу арқылы жүзеге асады, сондай-ақ, бір қызметтен екіншісіне ауысу тәртібінде тағайындаулар үлесі мейлінше қысқартылды.
Жаңа заң ашық бәсекелестік пен іріктеу қағидаты негізінде мемлекеттік қызметке жұмысқа орналасу мүмкіндігін бұрынғыдан да күшейте түсірді. Байқаудың барлық кезеңі, ғаламтор ресурстарында хабарландыруларды жариялаудан бастап, комиссия отырысына байқаушыларды, сарапшыларды шақыру, іріктеу қорытындыларын орналастыруға дейін барлығы әділ өтеді. Ендігі кезекте мемлекеттік қызметке кіру тек жүйелі іріктеудің нәтижесінде ғана мүмкін, әрі ол төменгі лауазымдардан басталады. Әкімшілік мемлекеттік қызметшінің мансабының жоғарылауы оның құзыреті мен жинаған тәжірибесіне байланысты»,- дейді Е.Жайықбаев.
Сонымен қатар, ол облыс аумағында мемлекеттік қызметке қабылдау бойынша жүргізіліп жатқан нақты шараларға тоқталды.
«Жыл басынан бері облысымыздың мемлекеттік органдары 37 ішкі және 24 жалпы конкурс жария етсе, соның ішінде бүгінгі таңда жоғары лауазымдарға 12 ішкі конкурс аяқталып, 20 мемлекеттік қызметші жеңімпаз деп танылды. Барлық конкурстар жаңа заң аясында байқаушылардың қатысуымен өтті.
Жоғарыда атап өткеніміздей, мемлекеттік қызметке жаңадан орналасушы тұлғалар қызметтерін төменгі лауазымдардан және сынақ мерзімімен бастайды. Мәселен, үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында 96 адам мемлекеттік қызметке сынақ мерзімімен қабылданды. Салаға алғаш келген 71 маман тәлімгерлерге бекітілді. Мемлекеттік мекемелердің жолдамасымен 56 мемлекеттік қызметші кәсіби біліктіліктерін арттыру үшін арнайы тағылымдамадан өтті.
«Мемлекеттік қызмет туралы» заң қағидаттарының бірі - мемлекеттік қызметшілерді үздіксіз оқыту және қажетті құзыреттіліктерін дамыту. 2016 жылдың үш айында 216 маман оқуға жіберіліп, соның ішінде 123-і біліктіліктерін арттырса, 93 қызметші қайта даярлау курстарына қатысты. Осы секілді жыл басынан бері атқарылған істер өте көп. Мұның барлығы қолданыстағы жаңа заңның тиімді тұстары деп атап көрсетуге болады», - дейді Ерлаз Жайықбаев.

Соңғы жаңалықтар