Ұлт тарихын танудың жаңа кезеңі басталды - Мәулен Әшімбаев

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев Президенттің «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жалпы біздің осыған дейін төл тарихымызды танып-білуде белгілі бір шеңберден аса алмай, оқиғаларды таңдамалы және конъюктуралық тұрғыдан сипаттауға басымдық беріп келгеніміз жасырын емес. Тіпті, кейде осынау ұлан-ғайыр даламыздағы тіршілік белгісі Қазақ хандығы құрылған кезден ғана басталғандай қабылданып, әлі күнге оған дейінгі мәдениет пен өркениетке лайықты бағасын да бере қойған жоқпыз. Ол аздай, қазақ көз ашқалы бері басқыншылық пен зорлық-зомбылықтан бас көтермеген, жаулап алмақ болғандармен соғысып өткен. Одан қала берсе, ғылым мен білімнен алыс қалып, тек мал бағып, көшіп-қонып жүрген халық ретінде көрсетіліп келді. Кезінде одан басқасына мүмкіндіктің берілмегені белгілі. Сондықтан да тарихымызды осы сарынмен сабақтауға мәжбүр болдық. Бірақ еңсе тіктеп, егемен ел болғаннан кейін де кейбіреулердің санасында осындай ұғымның бұлты әлі сейіле қоймағаны байқалып жатады», - дейді М.Әшімбаев.

Оның айтуынша, ондай олқылықтардың орнын толтырып, тарихи сананы жаңғыртатын сәт туды. Өйткені, бүгінде тәуелсіз Қазақстан экономикасы қуатты, тұрақты даму жолына түскен, әлемдік көшке ілесіп қана қоймай, алдыңғы легінен орын алуға ұмтылған, өзіндік ұстанымы мен көзқарасын еркін білдіре алатын мемлекетке айналды. Осыны ескерген Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын жариялап, ұлт тарихын танып-білудің жаңа кезеңін бастап беріп отыр.

«Стратегиялық сипатқа ие бұл мақала көпқырлы әрі ауқымды тарихымызды дұрыс түсініп, қабылдауға шақырады. Яғни, әлемдік өркениетке қосқан үлесіміз бен жаһандық даму үрдісіне тигізген зор септігімізді қайтадан зерделеп, дүниежүзіне жаңаша дәріптеуге үндейді. Шын мәнінде, біздің Ұлы даламыздың ғалам мәдениеті мен өркениетінде өзіндік орны бар. Оған ешкімнің таласы болмауы тиіс. Тек соны нақтылап, шегелеу үшін алдымен оның мәні мен маңызын өзіміз жете түсініп, түйсінуіміз керек», - деп атап көрсетті М.Әшімбаев.

Оның ойынша, «Архив-2025», «Ұлы даланың ұлы есімдері», «Түркі әлемінің генезисі», «Ұлы даланың ежелгі өнер мен технологиялар музейі», «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы», «Тарихтың кино өнері мен телевизиядағы көрінісі» сияқты нақты жобалар тарихымыздың көз көріп, қол тимеген жаңа парақтарын ашуға мол мүмкіндік береді. Себебі, тек Ресей мен Қытай архивтерінің өзінде Ұлы дала тарихына қатысты мыңдаған жылдардың жылнамасы сақтаулы екенін бәріміз білеміз.

«Алдымызда тұрған ендігі міндет - Елбасы анықтап берген сол басымдықтарды іске асыруға қоғам болып жұмылу. Бұл ауқымды жұмысқа мемлекеттік органдармен бірге саяси партиялар, үкіметтік емес ұйымдар және қоғам белсенділері бір кісідей атсалысып, өз үлестерін қосса, көздеген мақсатқа қол жеткізу жеңілдейтіні анық. Ең бастысы, науқаншылыққа бой алдырмай, ел дамуы мен тарихымызды танудың жаңа кезеңі жолында әрқайсымыздың аянбай еңбек еткеніміз абзал», - дейді М.Әшімбаев.

Айта кетейік, бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы жарияланды. ҚазАқпарат мақаланың толық мәтінін таратқан болатын.

 

Соңғы жаңалықтар