Ұлт пен тіл мүддесінің күрескері

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақ журналистикасының жампоздары туралы әңгіме қозғалса есіме бірден Жарылқап Бейсенбайұлы түседі. Аңғал-саңғал жүрген шағымызда ақпаратпен ауыздандырып, баспасөзге баулыған бапкеріміз болғандықтан да шығар. Болмыс-бітімі бөлек журналист-жазушы, көсемсөз шебері, ғалым Жарылқап Бейсенбайұлының жүріп өткен жолы жайында Бауыржан Омарұлы «11-ші қаламұш» атты кітабында жан-жақты қамтыған. «Ұлт ұғымын ұлғайтқан» қайраткерлігі, ғылымға адал еңбеккерлігі де баспасөзде біршама жазылды. Әйтсе де, дәл бүгін асқаралы 70 жасқа толып отырған қаламгер-қайраткер Жарылқап Бейсенбайұлының «ҚазАқпарат» агенттігін дамыту ісіне қосқан үлесін ерекше бағалағанды жөн санаған едік.

1997 жылы Қазақ ақпарат агенттігіне Бас редактор болып барған Жақаң осы мекемеде табаны күректей 17 жыл еңбек етіпті. Агенттікті қайта құрып, қазақша ақпарат таратудың жаңа үлгісін қалыптастыруға қосқан үлесі зор. Жақаң жауапты мекеменің басшысы бола отырып, мемлекеттік ақпарат саясатын сауатты жүргізе алды. Осы арқылы ол Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ұлт руханиятын дамыту туралы тапсырмаларын іс жүзіне асыруға да сүбелі үлес қосты. Соның бірі латын әліпбиіне көшу туралы Елбасының бастамасы болса, екіншісі шеттегі қандастарымызбен рухани байланысты күшейтудегі нақты қадамдар еді. Әлемге қазақша ғана емес, жер жаһандағы қандастар үшін латын қәрпінде, сосын төте жазуша хабарлар таратудың жолын ашып, мұның соңы қытай редакциясын құруға жетеледі. Осылайша Жарылқап Бейсенбайұлы «ҚазАқпарат» агенттігінің халықаралық мәртебеге ие болуына бірден-бір себепкер тұлға болып отыр.

 

Жақаңның жанды жері

1990 жылдардың аяғында республикадағы жалғыз ақпарат агенттігі саналатын ҚазТАГ-тың басынан беделі тайып, салмағы жеңілдей бастаған тұс. Баспасөз атаулыда ҚазТАГ-тың телетайптан түсетін орталық хабарларын таңға күтетін заман кете бастаған. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің құзырындағы агенттік компартиямен бірге құрдымға қарай құлдилаған кезі еді. Осыған байланысты сол тұста Ақпарат министрлігінің алдында егемен елге еркін ақпарат тарататын мекеме құру міндеті тұрған болатын.

Есесіне сол тұста тәуелсіздіктің ақиқаты туғаннан бастап халықтың рухын жанитын ұлт баспасөзінің еркін ойлы өнімі ақпарат кеңістігіне шыға бастады. Жетпіс жылдық рухани қуаңшылықтан шөліркеген қоғам тіл, сөз, ой еркіндігін сезінді. Ұлт руханияты қауырт өркендеу кезеңіне көшті. Баспасөз арқылы егемендіктің өмір алаңына журналистік шындықтың шамын ұстаған қайраткерлер де көтерілді. Осындай құбылыс аясында халық санасын, рухани тіршілігін жаңартуға жан-жақты жұмыла кіріскен «Ана тілі» атты газеті1990 жылы 22 наурызда шықты. Басшысы - Жақаң!

Газеттің іргетасын қалаған Бас редактор Жарылқап Бейсенбайұлының нағыз қайраткер қабілеті осында байқалды. Ол басқарған ұлт газеті бірден қалың қазақтың рухани сусынын қандыратын биік беделге шықты. Қордалы мәселелерді қопара жазатын газеттің тиражы аз уақытта 111 мыңға жетуі де көп мәселені аңғартатыны сөзсіз. Ақыр аяғы «Ана тілі» газетінің жанқиярлық еңбегін бағаламайтын бірде-бір зиялы, жанкешті журналистерінен жүрексінбейтін бірде-бір шекпенді болмаған шығар, сірә.

Ақпарат министрі болып тұрған Алтынбек Сәрсенбаев та ұлт һәм тіл мәселесін кеңінен қаузаған басылымға көзқарасы ерекше еді. Журналистиканың жаңашылдығын айтпай түсінетін министр «Ана тіліндегі»  ақпарат берудің тың үлгісі қалыптаса бастағанын білетін. Осыған орай болуы керек бір күні министр Сәрсенбаев Бас редактор Жарылқап Бейсенбайұлын өзіне шақырады. Қабылдаудағы басты әңгіме қайта құрылып жатқан Қазақ ақпарат агенттігінің қазақ редакциясын жолға қойып, соған басшылық етуді ұсыну. Бұл  төтеден түскен ұсыныс қой. Жеті жыл бойы «Ана тілінің» басы-қасында жүріп, мерейін өсіріп, енді елге әбден танымал болған тұста оның бәрін тәрк етіп басқа бір іспен айналысуға кім көндіге қойсын. Жақаңның жауабы: «Осында қала берсем» еді. Бірақ министр Алтынбек Сәрсенбаев та қолқасынан қайтпады. Қайтпағаны былай тұрсын Жақаңның жанды жерінен ұстаған екен. «ҚазТАГ әлі күнге дейін аудармамен отыр. Ақпарат бұрынғы одақ кезіндегі құсап, орысша жазылып, сосын қазақшаға аударылады. Еліміздің білдей ақпарат агенттігінде орыс тілі үстемдік құруда. Соған намысыңыз келмей ме? Ұлт пен тіл мүддесі үшін күресіп жүрген жоқсыз ба?!» - деп мәселені тіпті төтесінен тастайды. Бұл бір жағынан «намысың келмесе «Ана тілінде» отыра бер» дегені. Сөйтіп, Алтынбек Сәрсенбаев алдымен Жақаңның өзін көндіріп, сосын «Ана тілі» ұжымына арнайы барып, алғысын айтып, өзімен бірге ерткен күйі Жарылқап Бейсенбайұлын Қазақ ақпарат агенттігіне әкеліп отырғызады.

Енді ойлап қараңыз, ақпарат айдынында «Ана тілінің» беделі аспандап тұрған шақ. Газеттің Бас редакторы тұрмақ от ауызды, орақ тілді  журналистердің өзі үлкен мінезімен көзге түскендер. Осының бәрін бір күнде тәрк етіп, басқа жаққа бұрыла кетуге не әсер етуі мүмкін? Бұл не құдірет? Әрине министр Сәрсенбаевтың қолқасынан әркім құтыла алмасы анық. Бірақ «Ана тілі» газетінің Бас редакторына «Орыс тілі үстемдік құрып тұр. Бұл сіздің намысыңызға тимей ме?» дегеннен ауыр сөз жоқ еді. Осындай сөзбен ғана өзі сыйлайтын Жарылқап Бейсенбайұлын қозғамаса, «Ана тілінен» оны ешкім де қозғай алмайтынын министр Сәрсенбаев та түсінген ғой. Жақаңның жанды жері де осы болатын.

  

ҚазТАГ-ты түлеткен тұлға

Құлдырап бара жатқан байырғы ҚазТАГ-ты жаңғырту, соның ішінде ақпарат таратудың қазақ тіліндегі үлгісін қалыптастыру оңай жұмыс емес. Қазір ғой, журналистикада жанр біткен жұтылып, барлығы бірдей ақпараттық тұрпатқа ауысты. Ал ол тұста ақпарат беру тұрмақ, аудармасыз, қазақ тілінде төл ақпарат жазу, оны жатық тілмен жалпақ жұртқа жеткізуде кемшіліктер көп еді.

Осылайша, бұрыннан ана тілінің тағдырына бей-жай қарай алмайтын Жарылқап Бейсенбайұлы аудармамен отырған «ҚазТАГ»-тың қазақшасын көтеруге кірісіп, кейіннен ұжыммен бірге Астанаға аттанды. Жақаңа тыңнан түрен салуға тура келді. Қазақ редакциясы құрылып, Бас редактор төңірегіне топтасқан топ дамылсыз іске кірісті. Ақпараттың берілу формасы бойынша алғашқы шаблондар қалыптасты. Келе-келе «...,деп хабарлайды ҚазАқпарат» деген тіркес радио эфиріне күнделікті ене бастады. Бұрын пленумдар, съездерден келетін сала құлаш хабарламалардың орнын интернет арқылы таралатын жатық, қазақы стильдегі ұғынықты ақпараттар алмастырды. Мәжілістерден мәліметтерді жедел беруге журналистер де машықтанды. Осы істердің барлығында ең бірінші кезекте Жарылқап Бейсенбайұлының болмысы тұрды. Ол шын мәнінде бір кездегі «ҚазТАГ»-ты қазақша ақпараттармен түлетіп, тірілтіп, егемен елдің ақпарат аламанына «ҚазАқпарат» атты алып кемені қондырған тұлға. 

Жақаң қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінгендіктен болар, ана тіліне қатысты мәселеге батыл кірсетін. «ҚазАқпараттың» сол кездегі сайтында «Өзекті пікір» айдары ашылып, оған көбінесе тіл, руханият мәселелері туралы талдаулар салынды. Парламент депутаттарының тілге қатысты ұсыныстарының бәрі сол айдарда қатталып жататын.  Жақаң салған жолдан «ҚазАқпарат» тайған емес.

  

Латынға көшуді күн ілгері құптаған

Жарылқап Бейсенбайұлы - сөзден гөрі істің адамы. «ҚазАқпараттың» қайнауында жүріп талай істі тындыруы да соның айғағы. Ақпарат кеңістігіне қазақ тілінде төл хабарлар таратуды бастаған «ҚазАқпарат» кешегі кеңестік қайраңнан құтылдық-ау деп тоқмейілсіп, тоқтап қалған жоқ. Керісінше, ондағы әрбір журналист, әр қызметкер ұлт мүддесіне қызмет етудің жолдарына жұмылды. Аудармамен емес, таза қазақ тілінде хабар тарататын сайттың алғашқысы да «ҚазАқпарат» болды.

Сайт бұрынғы «ҚазТАГ»-тың таптаурынынан айырылып қоғам айнасы болуға ұмтылды, ұлт мәселелерін талқылауға жол ашылды. Сарапшылар тартып, сайт арқылы форумдар, талқылаулар жасалды. Тіл төңірегіндегі, ұлт мәселесіндегі көптеген дүниелер «Өзекті пікір» айдарынан табылатын-ды. Өзекті пікір демекші, сол тұста латын әліпбиіне көшу мәселесі қоғамда қызу талқыланған. Сайып келгенде бұндай талқылау әлі күнге жалғасып жатыр. Нақты нәтижесі қашан болатыны да белгісіз.

Дегенмен, Жарылқап Бейсенбайұлы бастаған «ҚазАқпараттың» қазақшасы латын әліпбиіне 2004 жылы-ақ көшіп кетті. Академик Әбдуәли Қайдар жасаған нұсқаны сайтқа енгізу арқылы қазақ тіліндегі ақпарат, хабарларды әлемнің кез-келген нүктесінен оқуға болатын жағдай туды. Бұны интернет құдіреті арқылы Қазақстанда алғаш рет шет елдегі қандастарымызбен рухани байланыстың тың қадамы жасалды деуге де болады.

Жақаңның осынау жаңашылдығы жоғары бағалауға тұрарлық батырлық еді. Тіпті сол тұста Жарылқап Бейсенбайұлы секілді ұлт баспасөзінде латынға көшуді сөзбен емес, іспен қолдайтын басшылар көп болғанда ғой деген ой келеді. Солай болғанда дәл осы латын әліпбиіне қатысты мәселенің бүгінге дейін біржақты болып қаларына сенім көбірек.  «Үкіметтен үміттіміз» деп отыра бергеннен қазақ баспасөзі нәтижеге жете алмайтынын да Жақаңның осы жасампаз ісі дәлелдеді. Бірақ шүкірміз! Жақаң жол ашқан қазақ тіліндегі хабарларды латыншамен тарату бастамасын өзге де құрылымдар қолдап кетті. Бүгінгі күні «ҚазАқпарат» енгізген латынша хабар таратуды пайдаланатын сайттар қатары артып келеді. Елбасы Жолдауында атап көрсетілгеніндей 2025 жылға қарай Қазақстан латын әліпбиіне көшуді қолға алса «ҚазАқпарат» тәжірибесі де сараланады деген үміттеміз.  

 

Қытайдағы 1,5 миллион қазақтың сауабын алған

Жарылқап Бейсенбайұлы «ҚазАқпарат» агенттігін халықаралық деңгейге көтеру үшін бірден бір үлес қосқан тұлға деп айттық қой. Оған еш шүбә жоқ. Оның бастамасымен қазақ тіліндегі жаңалықтар латын әрпімен әлемге таралса, кейінен төте жазумен қазақша хабар тарату жүйесі іске қосылды. Төте жазудың соңын ала қытай редакциясын ашу идеясы көтеріліп, бұл арқылы «ҚазАқпарат» Қазақстандағы халықаралық деңгейге шыққан, Орталық Азиядағы тұңғыш қытай тілінде хабар тарататын ақпарат агенттігіне айналды.

Шындығында, Ахмет Байтұрсынұлы жасаған төте жазу арқылы ақпарат таратудың төркінінде де мемлекеттік тіл мен ұлт мүддесі жатыр. Өйткені, тілдің  мәртебесі - күнделікті өмірде тілдің қызмет ету аясының кеңеюі мен шет елдерде қазақ тілін қолданушылардың көбеюімен арта түсері анық. Ал ұлт тілінің аясын кеңейтуде шетелдегі қандастарымыздың алар орны бөлек. Жарылқап Бейсенбайұлының түрткі болуымен «ҚазАқпарат» халықаралық агенттігі осы маңызды қадамды ерте қолға алды. Бұл жайында Жақаң  баспасөзде жарияланған сұхбатында былай депті: «Латыншаны іске асыру кезінде Қытайдағы 1,5 миллионнан астам қазақ жұрты үшін де төте жазумен ақпарат тарату мәселесі ойда болған-ды. Алайда, араб қәрпінің жеке тұрғанда және бір сөз ішінде (басында, ортасында, соңында) әртүрлі таңбаланатындығы, яки латынша сияқты бірден автоматты түрде ауыстыруға келмейтін ерекшелігіне байланысты, бұл іс тежеліңкіреп қалған еді. Дегенмен, ол атқарылуы тиіс бір шаруа ретінде үнемі қаперде жүрген».

Осы ойдың жетегінде жүрген Жақаңа Еуразия университетінде оқитын Қытайдан келген қандастарымыз жолыға кетеді. Бақытжол Кәкеш пен Ризабек Нүсіпбек Қытайдағы интернеттің игілігінен әбден меңгерген мамандар болып шықты. Осылайша 2009 жылдың қазан айынан бастап ана тіліміздегі ақпараттар мен мақалаларды Қытай мен Ирандағы қазақ жұртшылығы үшін төте жазумен (арабша) тарату жүзеге асты. Жоба  әсіресе төте жазуды қолданатын Қытай қазақтары үшін елеулі оқиғаға айналды. Шеттегі 1,5 миллионнан астам қандасымыз бұған дейін қазақстандық телерадио бағдарламаларын толық көру мүмкіндігі болмағандықтан (Қытайда жеке тарелка қоюға рұқсат етілмейді) және кирилица әрпін танымаған соң интернеттегі қазақ басылымдары мен кітаптарын оқи алмайтындықтан, еліміз  туралы  әрбір ақпаратқа ерекше зәру еді. «ҚазАқпараттың» араб  қәріпті сайтының ашылуы - интернетті кеңінен пайдаланып отырған қытай қазақтары үшін ақпараттық, рухани мұқтаждықтарының орнын толтыруға айтарлықтай көмектесті. Сайт ашылғаннан кейін, шеттегі қандастарымыздан «ҚазАқпарат» қолға алған маңызды жоба олардың ана тілінен ажырамай, тарихи отанымен  рухани байланысын күшейтуге зор септігін тигізгені туралы көптеген алғыс хаттар келіп түсті.

Жақаңның идеясынан туындаған төте жазу сайты аясында ашылған аса ауқымды жоба - «Қазақ руханияты» атты әдеби, мәдени және этнографиялық портал. Бұл жоба да Қытай мен Ирандағы қазақ диаспоралары және сол елдерден келген оралмандар үшін үлкен рухани қолқабыс болды. Порталда қиырдағы қазаққа қажетті айдарлар ашылды.

Атап айтқанда, «Қазақ тарихы» айдарында қазақ тарихының ғылыми негізделген ықшам тараулары, тарихымызға қатысты тартымды  мақалалар беріледі. «Әдебиет және өнер» айдарымен «ҚазАқпарат» тілшілері дайындаған, сондай-ақ еліміздің әртүрлі басылымдары беттерінде жарияланған қазақ әдебиеті мен өнерінің мәселелері,  белгілі  қаламгерлер мен өнер иелері туралы мақалалар, олармен өткізілген сұхбаттар таңдалып ұсынылады. «Ұлттық салт-дәстүрлер» айдарында халқымыздың бай әдет-ғұрыптарына байланысты мәліметтер бір жерге жинақталып  беріледі.«Ата-тек шежіресі» айдарында - қазақ шежіресінің тиянақты сараптаудан өткен нұсқалары екшеліп, жарияланады. Үнемі жаңа зерттеулермен толықтырылып отырылады. Тағы бір толайым айдар - «Әңгіме әлемі» (Қазақ әңгімелерінің антологиясы). Бұл айдарда қазақ прозашыларының таңдаулы әңгімелері іріктеліп әзірленеді. Қазірдің өзінде 55 жазушының 220-дан астам әңгімесі порталға орналастырылды. Әңгімелердің қатары алдағы уақытта үнемі толықтырылып отырылады. «Жеті ғасырдың жыр желкені»  (Қазақ поэзиясының антологиясы) айдарында Қазтуған жыраудан бүгінгі күн ақындарына дейінгі жеті ғасыр аралығында дүниеге келген таңдамалы өлеңдер жинақталады. Қазірге дейін 90 ақынның 800-дей өлеңі орналастырылды. Шығармалардың қатары алдағы уақыттарда толыға беретін болады. «Балауса» (балалар әдебиеті) - қазақ ертегілері мен аңыздары, тақпақтар мен жаңылтпаштар, ойын өлеңдері, балдырғандарға, мектеп оқушыларына арналған жырлар мен әңгімелер  дайындалды.  Үнемі толықтырылып отырылады.  «Дәстүрлі әндер мен күйлер» (Қазақ әндерінің антологиясы) дайындалды. Қазақ күйлерінің тарихы, ерекшеліктері, күй аңыздары туралы материалдар берілуде. Дәстүрлі әңдер мен күйлер туралы зерттеулер  салынады.

Осылайша «ҚазАқпарат» қазіргі кезде әлем қазақтары қолданып жүрген үш әліпбимен бірдей хабар таратқан алғашқы ақпарат агенттігі болып, күллі алаш жұртының оқырманына Қазақстан жаңалықтарын жеткізетін бірегей мекемеге айналды. 

 

Арғы түрктердің ақиқатынан Шоқан шындығынан дейін һәм алаш аманатына адалдық

Жарылқап Бейсенбайұлының ғылымға да таласы бар. Баспасөздегі қарбаластың арасында уақыт табатын Жақаң 9 деректі прозалық және зерттеу кітаптарын жарыққа шығарған екен. Оның әсіресе 2006 жылы жарыққа шыққан «Арғы түрктер ақиқатының ізімен» атты деректі-танымдық туындысы түркі ғалымдарын тұтастай елең еткізгені де анық. Америка құрлығына өткен түпкі түрктердің тарихын зерделеп, тың деректер ұсынған бұл туынды туралы Түркияның Ыстанбұлда шығатын беделді басылымы - «Түрк дүниесі тарихы» журналының 2008 жылғы қазан айындағы санында рецензия жарияланған болатын. Онда Кеңестер Одағы құлағаннан кейін, тәуелсіздігіне қол жеткізген Қазақстандағы ғалымдар мен жазушылар, тілшілер арасында алдымен Қазақстанды, кейін Орталық Азияны, қала берді, бүкіл түрк жағрапиясы мен тарихын қайта зерттеу үрдісі кең көлемде өріс алғаны туралы айтылады. Ал ондай зерттеушілердің мақсаты - Кеңестер Одағында түрк халықтары жайлы бұрмаланып жазылып келген тарихты қайта қарап, негізгі шындықты ашып, дәлелдеп беру еді.

«Ж.Бейсенбайұлының зерттеуіне қарағанда түрк тайпаларының тарихы ж.с.д. 45 000 жылдықтан басталады. Ол әлемдік генетика ғылымындағы кейінгі жылдарда дүниеге келген соңғы жаңалықтарды назарға ала отырып, ж.с.д. 45 000-10 000 жылдар аралығында Беринг бұғазы арқылы Солтүстік Америка құрлығына өткендердің түрк тектес екендігін алға тартады. Бұған дейінгі біраз лингвистикалық зерттеулерде, Америкаға өткен сол жұрттардың тілдері түрк тілдеріне ұқсас екендігі айтылып жүргенімен, ол көбіне мойындала бермейтін» делінген рецензияда. Осының өзі Жарылқап Бейсенбайұлының ғылымдағы батыл қадамға терең бойлағанын көрсетеді.

«ҚазАқпараттың» қауырт жұмыстары арасынан уақыт тауып отырып, осындай дүниелерге бойлағаны тағы да таңғалдырады. Бұл зерттеулер 2015 жылы Астанадағы Түркі академиясының жобасы бойынша «Орталық Азиядағы арғытүрк сипатты мәдениеттер: этнотектік аспектілер» монографиясымен жалғасты.

Түркітану саласына білгірлікпен барған Жарылқап Бейсенбайұлын зиялылар Шоқантанушы ретінде де мойындайды. Жақаң 1975 жылдан бастап зерттеген Шоқан туралы ізденісін осыдан біраз жыл бұрын түбіне жеткізді. Әлі де жазылып, жарияланатындары болса таңғалмаймыз. Әу баста Шоқан шындығын аршуға кіріскен Жақаңның мақалалары «Жасын-тағдыр жарқылы» атты жеке кітап түрінде жарық көрген болатын. Кейіннен қазақтың біртуар тұлғасынан алыстай алмаған Жақаң ұдайы Шоқан туралы деректерді жинай жүріп, тағы бір толайым дүниені тудырды.

«Тәуелсіздік алғанымызға қанша жыл өтіп, бұрын бүркеулі боп келген көп құпияның беті ашылса да Шоқан ғұмырнамасының қазақ қаламгерлері тарапынан толыққанды түрде қолға алынбаған жағдайы ойға келді. Азат заман оқырманы үшін шын Шоқанның бейнесін неге қазақтың өзі соныдан келіп жазбай отыр. Шоқанның Кенесары көтерілісіне қатысты бірқатар жайттарды зерттегені, Ресейдің отаршылдық саясатына қарсы көзқарастары болғаны сияқты мәселелері бұрындары айту мүмкін емес еді ғой. Неге тым-тырыспыз. Ақыры осы ниет біздің белді бекем буғызды. «ҚазАқпараттың» қауырт жұмыстарының бел ортасында жүріп, уақыт тауып кірісіп кетіп, үш жылда көлемі 40 баспатабақ төңірегіндегі ғұмырнамалық деректі кітапты бітірдік», - дейді автор.

 Мәдениет және ақпарат министрлігінің әлеуметтік маңызды әдебиет тізіміне енгізілген «Шоқан» атты ол кітап, 2009 жылдың соңында «Ғибратты ғұмыр» сериясы бойынша «Қазақстан» баспасынан жарық көрді. Осы кітап 2015 жылы Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшілігінің қолдауымен орысшаға аударылып, Астанадағы «Фолиант» баспасынан басылып шықты. Ш. Уәлихановтың 180 жылдығына орайластырыла шығарылған кітаптың таныстырылымы тәуелсіздік мерекеміз тойланып жатқан сол жылдың желтоқсан айының ортасында  Мәскеудегі Географиялық қоғамның штаб-пәтерінде өтті. Оған бүгіндері  «Мәдени мұра» - «Культурное наследие» журналының бас редакторы болып істейтін Жарылқап ағамыз арнайы барып қатысып қайтты.

Түйіндей айтсақ, «ҚазАқпарат» арқылы атқарылған игі істер, Жақаңның мектебін көріп, ұстаханасынан шыққандар ұлт мәселесі төңірегіндегі шындықпен шыңдалды. Жарылқап Бейсенбайұлының көптеген шәкірттерінің бірі ретінде біздің түйгеніміз де аз емес. Ол өзінің алдына келген журналистерге «Бейімбеттей жатық, Міржақыптай ширақ жаз» деген талап қоятын еді. Ғалым Жарылқап Бейсенбайұлы ғылыммен айналысам деушілерге «Ахметше ұғын, Әлкейше ізден» дегенді көлденең тартар еді. Ал ұлт мүддесі үшін күреске бел буғандар болса, оларға Жарылқап Бейсенбайұлы «Әлиханша әрекет ет» дегенді талап етер еді. Тіпті Жақаң ақын болса, артынан ергендерге «Мағжанша серме» дейтініне де кәмілміз. Алаш қайраткерлерінің аманатына адалдық деген осы шығар.

«ҚазАқпараттың» тарихында бүгінгі күні 70 жасқа толып отырған Жақаңның жаңғырығы, оның жасын жолдары сайрап жатыр. Біз Сізбен мақтанып, біз Сізбен қуанамыз! Аман болыңыз аға! 

Соңғы жаңалықтар