«Ұлт қайраткерлері және отандық көсемсөз» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Бас редакторлар клубы және Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің бірлесе ұйымдастыруымен 12 мамырда ЕҰУ ғимаратында «Ұлт қайраткерлері және отандық көсемсөз» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті, деп хабарлайды ЕҰУ баспасөз қызметі.

Конференцияның модераторы Л.Гумилев атындағы ЕҰУ проректоры, ҰҒА корреспондент-мүшесі Дихан Қамзабекұлы алғысөзді айту үшін Бас редакторлар клубының президенті, журналист-сарапшы Кенжеболат Жолдыбайды мінберге шақырды. «Университет пен клубтың екіжақты ынтымақтастық туралы меморандумының нәтижесінде осы оқу ордасының қабырғасында бұған дейін де бірнеше шаралар ұйымдастырдық. Бүгін кезекті конференцияның сәті түсіп отыр. Мұның өтуіне қолдау көрсетіп отырған Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің ректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ерлан Батташұлына алғысымызды білдіреміз. Жақында Е.Сыдықов Халықаралық ғылыми-танымдық «Мәңгілік ел» журналының бас редакторы ретінде біздің клубқа мүше болып қабылданғандығын, жақында арнайы куәлігі табыс етілетіндігін осы үлкен жиын барысында құлаққағыс еткім келеді», - деді К.Жолдыбай.

Үстіміздегі жылы халқымыздың белгілі қайраткерлері, ақын-жазушылары Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожанов, Хайретдин Болғанбай, Сәбит Дөнентаев 120 жасқа толмақ. Осы орайда, «Қазақстан-2050» Стратегиялық бағдарламасының аясында аты аталған айрықша тұлғаларымыздың тарихи орнын және олардың ел дамуына, отандық көсемсөздің өркендеуіне қосқан үлесін байыптау мақсатында өткен алқалы басқосуға еліміздің белгілі ғалымдары, қоғам және мемлекет қайраткерлері, алашордашылардың ұрпақтары және республикалық БАҚ өкілдері қатысты. Еуразия ұлттық университетінде өткен республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияда ЕҰУ Журналистика мәселелерін зерттеу институтының директоры, филология ғылымдарының докторы Намазалы Омашев «Мемлекеттік мүдде және отандық көсемсөз бастаулары», С.Сейфуллин мұражайының директоры, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Несіпбек Айтұлы «Сәкентану: кеше және бүгін», ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор Дихан Қамзабекұлы «20-жылдардағы көсемсөздегі Алаш мұратының көрінісі», филология ғылымдарының докторы, профессор Серікқали Байменше «Бейімбет Майлин көсемсөзінің белгісіз беттері», филология ғылымдарының докторы, профессор Амантай Шәріп «Сұлтанбек Қожанұлы және ХХ ғасыр басындағы қоғамдық-саяси көсемсөз», филология ғылымдарының докторы, профессор Рахымжан Тұрысбек «Тұрар көсемсөзінің деректік-танымдық қырлары», филология ғылымдарының докторы, ақын Жанат Әскербекқызы «Ілияс көсемсөзіндегі көркемдік негіздер», филология ғылымдарының докторы, профессор Меңдігүл Шыңдалиева «Б.Майлин очерктері: зерде мен зеректік», филология ғылымдарының кандидаты, Бас редакторлар клубының вице-президенті Мұратбек Тоқтағазин «Сәбит Дөнентаев әлемі: зерттеу міндеттері» тақырыптарында баяндама жасап, олардың қайраткерлігі мен шығармашылығына жан-жақты талдау жасады. Шараның ресми бөлімінен кейінгі екінші бөлімде алаш қайраткерлеріне арнап ас берілді.

Конференция басталар алдында оған қатысушылар «Жастар» шағынауданында Хан Кене сарбаздары, ұлтымыздың біртуар перзенті Смағұл Сәдуақасұлы, басқа да алаш ардақтылары жерленген бабалар қорымында болып, ұлт мақтаныштары аруақтарына арнайы құран бағыштады.

Конференция материалдары жеке жинақ болып жарық көретін болады.

Соңғы жаңалықтар