Ұлт денсаулығы - біздің сөзсіз басымдығымыз болып қала береді - Мемлекет басшысы

None
None
АСТАНА. 4 шілде. ҚазАқпарат - Ұлт денсаулығы - біздің сөзсіз басымдығымыз болып қала береді. Бүгін елордада «Астана» президенттік кәсіби спорт клубының салтанатты тұсау кесері барысында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы, аталмыш клубтың құрметті Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлімдеді.

«Біздің алдымызда аса маңызды міндеттер тұр. Оның ішінде біз бұқаралық спортты дамытуға тиіспіз. Ұлт денсаулығы - біздің сөзсіз басымдығымыз болып қала береді. Жалпы, спорт дегеннің өзі мәдениет деп айтқан болатынмын. Өзіне қарап, өзі үшін спортпен айналыспаған адамды мәдениетті деу де қиындау. Ал мемлекет бұқаралық спорт үшін бар жағдайды жасап жатыр. Бүкіл облыс орталықтарында стадиондар салынды, қалаларда алаңдар ашылып жатыр. Бұл ұдайы қаперде тұратын маңызды міндет, қаржы да қомақты құйылуда», - деді Мемлекет басшысы өз сөзінде.

Бұл ретте Елбасы алдағы уақытта елордада жекпе-жек орталығы мен бокс орталығы мектебі салынатынын, спорттық ойын түрлерінің кешені бой көтеретінін атап өтті.

«Қазақстандық таланттарды жүйелі түрде тартуды еш естен шығаруға болмайды. Жастар барынша көбірек спортпен қамтылуы тиіс. Сол үшін бізге ең озық қана емес, ең қолжетімді инфрақұрылымдарды дамыту қажет. Бұл да мемлекетпен атқарылып жатыр. Жалпы, қазақстандық өскелеңді спортқа барынша баулудан, оларды шынықтырып, жаттықтырып, жетістіктерімен мақтанудан асқан қуаныш жоқ. Сондықтан да, бұқаралық спорт бізге келешек чемпиондарды табуға көп септігін тигізетін база бола алады. Өскелең спортқа қанша тартылған сайын, біз де жастарды барынша тани түсеміз. Ал жаңа қанат қағып отырған «Астана» президенттік кәсіби клубы мұндай миссияны зор сеніммен атқара алады», - деді Н. Назарбаев.

Соңғы жаңалықтар