Үлкен жолдарда «орташа жылдамдық» жүйесі іске қосылуы мүмкін

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Заңнамаға «көліктің орташа жылдамдығы» түсінігі енгізіліп, бұл тәртіп үлкен тас жолдарда қолданылуы мүмкін. Бұл туралы елордада жолдағы қауіпсіздік саласында жаңа технологияларды пайдалану тақырыбындағы форумда ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қала сыртындағы автомобиль жолдарының учаскелерінде «көлік қозғалыстың орташа жылдамдығы» сияқты түсінік енгізілмек. Бұл жүйені қаланың ішінде қолдануға болмайды, бірақ автомагистральдің учаскелерінде бұл мәселені шешуге болады деп ойлаймын. Оның үстіне, елімізде ақылы жолдардың енгізілгенін ескерсек, қазірдің өзінде жолдың бойында көптеген камера бар. Егер олар бір жүйеге қосылса, сондай-ақ заңнамада тиісті норма болса, онда жолда жылдамдықты шамадан тыс асыру сияқты ереже бұзу деректерін анықтауға болады», - деді Игорь Лепеха.

Бұған дейін хабарланғандай, Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Жандос Мұратәлиев елімізде енгізілгелі отырған «орташа жылдамдық» жүйесінің қалай жұмыс істейтінін түсіндірді.

Егер бұл жоба енгізілетін болса, ол тек үлкен тас жолдарда қолданылады, қала ішінде қолданылмайды. «Орташа жылдамдық» жүйесі бейнекамералар арқылы көліктің А нүктесінен Б нүктесіне дейін қанша уақытта жеткенін анықтайды. Кейін автокөліктің осы аралықта қандай жылдамдықпен жүргенін автоматты түрде есептеп, орташа жылдамдығын шығарады. Егер есептеу барысында жылдамдығы жоғары болғаны анықталса, онда әкімшілік жауапкершілікке тартылады.


Соңғы жаңалықтар