Үлкен жекпе-жектер әлі алда – боксшы Жаңабаев үш титул үшін өткен айқаста жеңіске жетті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық кәсіпқой боксшы Нұрсұлтан Жаңабаев үш чемпиондық титул үшін өткен айқаста австралиялық қарсыласынан айласын асырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан кәсіпқой боксы федерациясының vk.com желісіндегі парақшасынан хабарланғандай,

Нұрсұлтан Жаңабаев үшін бұл айқас сегізінші болып отыр.

«Нұрсұлтан Жаңабаев Австралияның Сидней қаласындағы ICC Exhibition Centre аренасында өткен бокс кешіне қатысты. Оның қарсыласы ретінде WBA Inter-Continental, WBO Oriental және IBF Pan Pacific титулдары үшін шаршы алаңға жергілікті боксшы Стив Гаго көтерілді.

Он раундық айқас соңына дейін жалғасып, төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімі бойынша (96-91, 95-92, 95-92 есебімен) қазақстандық жеңіске жетті», - делінген хабарламада.

Жаңабаев үшін бұл – сегіз айқастағы сегізінші жеңіс (бесеуін нокаутпен аяқтаған) екенін айта кету керек.

«Ассалаумағалейкум бауыр ағалар! Аллаға шүкір, жеңіске жеттік, тартысты жекпе-жек болды! Сүлеймен компаниясына және қасымда қолдау көрсеткен аға бауырларға алғысым шексіз! Құдай қаласа алда үлкен жекпе-жектер күтіп тұр», - деп жазды спортшының өзі Инстаграм парақшасында.

Еске сала кетсек, осы жылдың наурыз айында Almaty Arena спорт кешенінде өткен бокс кешінде Нұрсұлтан Жаңабаев WBA Intercontinental белбеуін жеңіп алған болатын.


Соңғы жаңалықтар