Үлкен Талдыкөл жобасы сарапшылардың оң қорытындысын алды

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елорда әкімдігі үлкен және кіші Талдыкөлді қалпына келтіру жобалары бойынша қандай жұмыстар жүріп жатқаны туралы ҚазАқпарат тілшісіне айтып берді.
«Қазіргі уақытта үлкен Талдыкөлде жүргізілген жобалау-іздестіру жұмыстары бекітіліп, жобалар сараптамасының оң қорытындысы алынды. Жобада «табиғи парк» қарастырылған. Бұл жобаны (+ Кіші Талдыкөл) іске асыру үшін биыл 1 млрд теңге қаражат бөлінді», - деп жауап берді «Нұр-Сұлтан қаласының қоршаған ортаны қорғау және табиғат пайдалану басқармасы» ММ агенттік сауалына.

Ведомство Кіші Талдыкөл бойынша «рекреациялық аймақ» жобасын әзірлеу белсенді жүргізіліп жатқанын атап өтті. Бұл жобаларды әзірлеу қалалық табиғи парк құрудың кешенді бірегейлігін мақсат етеді, осылайша жануарлар мен сирек кездесетін құстардың табиғи мекендеу ортасын сақтау мүмкіндігі пайда болады.

«Қалалық табиғи парк құрудың жаратылыстану-ғылыми негіздемесін Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығы әзірледі және мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысын алды. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, мұндай табиғи парктер туристердің жиі келетін орындарының бірі болады. Жұмыстар жобалар сараптамасының оң қорытындысын алғаннан кейін басталады», - деді басқарма.
Еске салсақ, елордадағы Үлкен және Кіші Талдыкөлде экопарк құруға 1 млрд теңге бөлінді.



Соңғы жаңалықтар