Үлкен Алматы мен Ақсай өзендері шатқалдарында селге қарсы бөгеттер орнатылып жатыр

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Үлкен Алматы мен Ақсай өзендері шатқалдарында селге қарсы бөгеттер орнатылып жатыр. Бұл туралы ҚазАқпарат Төтенше жағдайлар министрлігінің сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Алматы қаласының биік таулы аймағында («Үлкен Алматы», «Ақсай», «Қарғалы» және «Кіші Алматы») 146 мұздық, 50-ден астам мұздақ-мұздық көл бар.

Сел қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Үлкен Алматы және Ақсай өзендерінің бассейндерінде селді ұстап қалатын екі бөгеттің құрылысы жүріп жатыр. Осы өзендердің жоғары жағында 116 сел қауіпті учаскелер, 114 мұздық, 35 мұздақ-мұздық көлдер бар, оның 9-ында жарылыс қаупі бар.

«Қазселденқорғау» және Алматы қаласы ТЖД басшылығы БАҚ өкілдері үшін баспасөз турын ұйымдастырды. Журналистерге Үлкен Алматы өзенінің жоғарғы ағысындағы, Бостандық ауданы Аюсай өзенінің сағасынан төмен орналасқан бөгеттің техникалық сипаттамалары туралы айтылды. Оның биіктігі 41 метрден асады, селден қорғау көлемі – 2,3 млн текше метр.

Наурызбай ауданындағы Ақсай өзенінде де селді ұстап қалатын бөгеттің құрылыс-монтаждау жұмыстары жүріп жатыр. БАҚ өкілдеріне бөгеттің макеті көрсетілді. Ақсай өзенінің бассейні Үлкен Алматы сияқты сел қаупінің бірінші санатына жататыны туралы айтылды. Бөгеттің биіктігі – 75 метр, селден қорғау көлемі – 7 млн текше метр.

Селді ұстап қалатын бөгеттер құрылысының жоспарлы аяқталу мерзімі – 2023 жыл.

Алматы қаласы ТЖД баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, Үлкен Алматы және Ақсай өзендері бассейндерінің сел қаупi жоғары. Олардың әсер ету аймағында 5 мыңнан астам тұрғын мен демалушы, сондай-ақ оңтүстік астананың қонақтары мен қызмет көрсетуші персонал қалуы мүмкін. Сел қаупі бар аймақта жазғы кезеңге аэровизуалды тексерулер жүргізу кезінде тек Үлкен Алматы өзенінің бассейні бойынша мамандар үш мыңнан астам автомашина мен 60 автобусты есептеді.

Бөгеттердің құрылысы сел тасқынынан болатын қауіпті барынша азайтуға мүмкіндік беріп, Алматы қаласының Бостандық, Наурызбай, Алмалы аудандары мен Алматы облысы Қарасай ауданының шығыс бөлігінің халқын және объектілерін сенімді қорғауды қамтамасыз ететін болады.

Сонымен қатар, халықты сел қаупі туралы уақтылы хабардар ету үшін екі шатқалдың аумағында 51 дабыл құрылғысы орнатылды.

Алматы қаласы әкімдігінің белсенді қолдауымен соңғы жылдары алдын алу жұмыстарын жүргізу үшін, «Қазселденқорғау» қажеттіліктеріне жергілікті бюджет қаражатынан 2 экскаватор, 10 жылжымалы үй, өнімділігі жоғары 10 сорғы, 2 000 метр сифон құбыры және бір жеңіл автокөлік сатып алынды.


Соңғы жаңалықтар