Үлкен Алматы көлінде «селфиге» арналған орын пайда болады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Үлкен Алматы көлінде «селфиге» арналған орын пайда болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Бүгін Үлкен Алматы көлінің маңайында хостел иелері мен қалалық туризм басқармасының өкілдері рекреациялық аймақтың туристерге қолжетімділігі мәселесін талқылады.

Мұның алдында Шакир Исламбакиев есімді Facebook қолданушысы өз наразылығын білдірген болатын.

Ер адамның айтуынша, Үлкен Алматы көліне қыдырып барған шетелдік студенттерден күзетшілер 44 мың теңгесін тартып алған.

Кейін оның жазбасына Іле Алатауы ұлттық паркінің баспасөз қызметі ресми жауап берген.

«Мұз сөгілді! Керемет жаңалық! Бүгін ҮАК көшпелі жиынға қатыстым. Жиынды қалалық Туризм және сыртқы байланыстар басқармасы ұйымдастырды. Әкімдіктің үнсіз қалмағанына қуаныштымын!», - дейді хостел иесі Шакир Исламбакиев.

Оның айтуынша, енді Үлкен Алматы көлінде:

1) Көлдің айналасына дейін рұқсат етілген жерлердің шекарасы айқындалатын болды.

2) Осы шекараның периметрімен қоршау қойылады. Маңыздысы, қоршаудың өзі ландшафтты бұзбайтын болады.

3) Әр 50 метр сайын қазақ, орыс, ағылшын тілінде ақпарат тақталары орнатылады. Ереже бұзған жағдайда айыппұлдар туралы ақпарат ілінеді.

4) ҮАК абаттандыру жобасы дайындалады. «Селфи» жасайтын арнайы орын, саялы орындар, алаңдар жасалады. Жаңа жоба жақында қоғамдық талқылауға ұсынылады.

5) Көл айналасында автотұрақ мәселесі өз шешімін табады.

6) Көлді қорғау қызметкерлерінің арасында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша жұмыс жүргізіледі.

Соңғы жаңалықтар