Үлкен Алматы айналма жолымен жүру ақысы қанша болады

None
Фото: МИИР
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Жамбыл Бақтияр Үлкен Алматы айналма автомобиль жолымен жүру ақысы қанша тұратынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, ұзындығы 66 шақырымға созылған үш жолақты I-А санатты жол, қарама-қарсы бағытта да солай қарастырылған. Жалпы саны алты жолақ болатын ақылы автомобиль трассасында сағатына 120 шақырыммен жүруге рұқсат етілген.
Жобаны түрік-корей консорциумы мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде 2020 жылы іске асыра бастаған болатын. Тас жол қарқынды жұмыстардың толық ауқымда жүргізілуіне байланысты мерзімінен ерте пайдалануға берілмек.
«Қазіргі уақытта барлық жұмыстар толығымен аяқталған. Енді тек ақылы жүйені енгізу қалды. Келісімшарттың талаптарына сәйкес мердігер компания жобаны өзі әзірлеп, салды. Енді инвестор жұмсаған шығынын ақылы жол арқылы қайтаратын болады. Үлкен Алматы айналма тас жолына республикалық бюджеттен қаражат қарастырылмағанын атап өткен жөн», - деп жеткізді Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Жамбыл Бақтияр.


Үлкен Алматы айналма жолы жобасы концессиялық механизм бойынша іске асырылып жатыр. Концессионердің қызмет ету мерзімі – 15 жыл. Концессионер «БАКАД Инвестиции и Операции» ЖШС.
Комитет өкілінің мәліметінше, ҮАААЖ бойымен бір сағат жүру құны жүргізушілер үшін 242 теңгеден 2 484 теңгеге дейін. Абонемент қарастырлған.
Көлік жүргізушілері мына соманы төлейді:
- жеңіл автомобильдер - 0,07 АЕК (241,5 теңге);
- 16 жолаушы орнына дейінгі автобустар және жүк көтергіштігі 2,5 тоннаға дейінгі жүк автомобильдері - 0,12 АЕК (414 теңге);
- 32 жолаушыдан артық адам сыйатын автобустар және жүк көтергіштігі 5,5 тоннаға дейінгі жүк автомобильдері - 0,22 АЕК (759 теңге);
- 32 жолаушыдан артық адам сыйатын автобустар және жүк көтергіштігі 10 тоннаға дейінгі жүк автомобильдері - 0,36 АЕК (1 242 теңге);
- жүк көтергіштігі 10 тоннадан 15 тоннаға дейінгі жүк автомобильдері - 0,43 АЕК (1483,5 теңге);
- жүк көтергіштігі 15 тоннадан басталатын, оның ішінде тіркемелері бар жүк автомобильдері - 0,72 АЕК (2 484 теңге).
Сондай-ақ, «Үлкен Алматы айналма автомобиль жолы» арқылы өту үшін 1 ай және 1 жылға абонемент қарастырылған.
- жеңіл автомобильдер айына 0,5 АЕК – 1 725 теңге және жылына 6 АЕК – 20 700 теңге төлейді;
- 16 жолаушыға арналған орындығы бар автобустар мен жүк көтергіштігі 2,5 тоннаға дейінгі жүк көліктері – айына 2,5 АЕК – 8625 теңге және жылына 30 АЕК – 103 500 теңге;
- 32 жолаушыға арналған орындық автобустар мен жүк көтерімділігі 5,5 тоннаға дейінгі жүк көліктері – айына 4 АЕК – 13 800 теңге және жылына 48 АЕК – 165 600 теңге;
- 32 жолаушы орындық автобустар мен жүк көтергіштігі 10 тоннаға дейін – 5 АЕК – айына 17 250 теңге және жылына 60 АЕК – 207 000 теңге;
- жүк көтергіштігі 10-нан 15 тоннаға дейінгі жүк көліктері – 6,5 АЕК – айына 22 425 теңге және жылына 78 АЕК – 269 100 теңге;
- жүк көтерiмдiлiгi 15 тонна және одан да көп жүк автомобильдерi, оның iшiнде тiркемелерi бар, жүк көтергiш тракторлар – айына 8,5 АЕК – 29 325 теңге және жылына 102 АЕК – 351 900 теңге.
ҮАААЖ-на кірер алдында көліктің мемлекеттік нөмерін тіркеу арқылы алдын ала ҮАААЖ-на төлем жасауға болады.
ҮАААЖ-на кіргеннен кейін және шыққанда жолақысын бақылау аймақтарына қарай бекітілген төлемді жеті күн ішінде төлеуі тиіс.Төлемді танымал банктердің қосымшалары арқылы жасауға болады.
Спикердің сөзінше, ҮАААЖ-да жолақысын алудың ашық жүйесі қарастырылған. Жүйеде шығу және кіреберістерге шлагбаум болмайды. Оның орнына жол бойына өтіп бара жатқан көліктерді тіркейтін 24 бақылау пункті,140- тан астам камера, 18 ауыспалы ақпараттық табло, 28 жол белгілері орнатылды.
«ҮААЖ бойымен алдын ала төлем негізінде де, жүріп өткеннен кейін жеті күн ішінде төлеу негізінде де жүруге болады. Бұл мерзімнен асып кетсе, жүргізушіге әкімшілік шара қолданылуы мүмкін. Сонымен қатар егер көлік құралы рұқсат етілген габариттен асып кетсе, онда ақпарат Инвестициялар және даму министрлігінің Автомобиль жолдары комитетіне беріледі, онда рұқсат құжаттарының бар-жоғы тексеріледі, олар болмаса әкімшілік құқық бұзушылық болып есептеледі»,- деді ол.
«БАКАД Инвестиции и Операции» ЖШС-нің пайдалану және техникалық қызмет көрсету бөлімінің басшысы Нұрланбек Өмірбаев Үлкен Алматы айналма жолы мегаполис көшелеріндегі кептелісті азайтып, транзиттік ағынды қала сыртына шығаруға мүмкіндік беретінін атап өтті.
«Аталған тас жол Алматы облысының Қарасай, Іле және Талғар аудандарындағы 14 елдімекен арқылы өтетін болады. Бұл жергілікті тұрғындар мен қала қонақтары үшін көлік қолжетімділігін жақсартады. Сондай-ақ, ҮАААЖ қаланы айналып өту уақытын қысқартуға мүмкіндік беретін кептелісі аз балама маршрутын ұсынды. Яғни, ауыр жүк көліктері жүктерді тасымалдау кезінде уақытын үнемдеп, жұмыс тиімділігін арттыра алады. Сонымен қатар, экологиялық артықшылығын да атап өту керек. Көлік ағынын Алматы қаласынан тысқары жерлерге көшіру арқылы ҮАААЖ атмосфераға зиянды шығарындылардың мөлшерін азайтып, қала мен оның төңірегіндегі экологиялық жағдайға оң әсерін тигізетіні анық»,- дейді Нұрланбек Өмірбаев.
Жол құрылысы барысында жоғары сапалы жабынға қол жеткізу үшін асфальтобетон төсеудің заманауи технологиялары қолданылды.
«Үлкен Алматы айналма жолында барлық жағдай қарастырылған. Мысалы, құрылыс барысында жоғарғы сапалы материалдар мен жүк көліктерінің салмағын еш қиындықсыз көтере алатын асфальт жабындылары қолданылды. Бұл сондай-ақ, автомобильдердің мерзімінен ерте тозуын азайтуға және оларды оңай басқаруға көмектеседі. Сонымен қатар, жабын температураның өзгеруімен және ылғалдың әсерімен жақсы жұмыс істейді. Бұл жолдың әртүрлі климаттық жағдайларда тұрақты және қауіпсіз жүруіне мүмкіндік береді», - деп атап өтті Жамбыл Бақтияр.
Айта кетейік, түсіндіру жұмыстары алдағы күндері Алматы облысының Іле, Талғар, Қарасай аудандарында жүзеге асырылмақ. Онда барлығы 300 мыңға жуық көлік тіркелген. Бұл көліктер Үлкен Алматы айналма жолын пайдаланады.
ҮАААЖ - Қазақстан тарихындағы ірі инфрақұрылымдық жобаның бірі.
Оның құрылыс жұмыстары толық біткен кезде, Алматы облысының экономикасына серпін бермек, себебі, шамамен 300 млрд теңге инвестиция тартылады.
Бұл шағын және орта бизнеске мультипликативті әсер ететін болады. Яғни, жол бойындағы сервис, ондағы көлік-логистикалық терминалдардың дамып, өнеркәсіптік кәсіпорындардың нарыққа қолжетімділігі артпақ.
Бұған дейін Үлкен Алматы айналма автомобиль жолы осы жылдың екінші тоқсанында пайдалануға берілетіні туралы жазған едік.
Соңғы жаңалықтар