Үлескерлерді кім және қалай қорғайды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда айта-айта жауыр болған мәселенің бірі - үлескерлер проблемасы. Үлескерлер мәселесінің үлкен проблема екеніне мысал табу қиын емес. Өйткені, тұрғын үй құрылысы қарқындаған өткен жылдар ішінде қаншама адам алаяқтықтан, заңды айналып өтуден жапа шекті. Баспанасыз қалғандар мен баспанасын әлі күнге ала алмағандар қаншама?! Оның сыртында тұтастай бір саланың ауыртпалығы мемлекетке артылып, қазынадан қанша қаражат желге ұшпады? Девальвацияның «құрбанына» айналғандар қаншама? Бұдан бөлек, Алматыдағы Ұлттық банктің бас кеңсесі алдында дүркін-дүркін пикеттер, қаншама митингтер өтті. Дегенмен, осының барлығы өз нәтижесін берген тәрізді. Күні кеше «Тұрғын үй құрылысына үлескерлік қатысу туралы» жаңа заң күшіне енді. Құжатты түзеп-күзеген құзырлы министрлік өкілдерінің сөзіне сенсек, аталған құжаттың аясында үлескерлер барынша қорғалатын болады. Себебі құрылыстың әрбір кезеңі жіті бақылауға алынып, бітпей қалған жағдайда арнайы қордың есебінен аяқталады. Әйтсе де, өкінішке қарай, жаңа заңның кері күші жоқ. Бұл дегеніміз, оның шарттары бұған дейін жасалған келісімдерге тарамайтынын білдіреді.

  

Жаңа заңның талаптары қандай?

Ұлттық экономика министрлігі Экономикалық инфрақұрылымды дамыту департаментінің директоры Ұлан Жазылбектің айтуынша, енді коммерциялық тұрғын үйлер саласындағы үлескерлердің ақшасы жаңа шарттар бойынша тартылады. Ол ақшаны жұмсаудың нақты үш тетігі бар.

«Бірінші тәсілге сәйкес, құрылыс компаниясы Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қорына тиісті жарнаны жасап, қордың кепілдігін ала алады. Бұл ретте, компанияның құрылыс саласында кем дегенде үш жылдық тәжірибесі, сондай-ақ республикалық маңызы бар қалаларда 18 мың шаршы метр үй салды деген көрсеткіші болуы қажет. Бұдан бөлек, соңғы екі жылда қаржылық шығындар тіркелмеуі тиіс», - дейді Ұ.Жазылбек.

Бүгінде «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі жанынан Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры құрылды. Әзірше оның жарғылық капиталы 10 млрд. теңгені құрап отыр. Алдағы уақытта аталған қор 200 млрд. теңгеден аспайтын соммаға кепілдік беретін болады. Үйдің құрылысы бітпей қалған жағдайда қор оның аяқталуына кепілдік беретін болады. 
Екінші тетікке сәйкес, құрылыс компаниясы екінші деңгейлі банктен несие алып, үйдің қаңқасын салып бітіреді. Осыдан кейін жергілікті атқарушы органдардың рұқсатымен үлескерлердің ақшасын жұмсай алады. Ал үшінші тәсіл бойынша компания тұрғын үйдің қаңқасын өз ақшасына сала алады. Содан барып үлескерлердің ақшасын игерсе болады. Бірақ онда да жергілікті биліктің рұқсаты қажет.

  

Үлескерлер құрылыс барысын бақылай алады

Жаңа заңда инжинирингтік компаниялардың қызметіне ерекше басымдық беріліп отыр. Себебі дәл осы компаниялар бітпей жатқан нысандарды анықтап, ақшаны тиімсіз жұмсау әрекеттерін әшкерелеуі тиіс. «Қаржыны мақсатсыз пайдалану әрекеттері анықталған жағдайда инжинирингтік компания үш күннің ішінде кепілдік беру қоры, банк пен жергілікті атқарушы органдарға хабар беруі шарт. Егер ол нысан бірінші тетік бойынша салынса, онда кепілдік қоры барлық міндеттемелерді өз мойнына алып, құрылыстың аяқталуына кепілдік береді. Ал қалған екі тәсілге сәйкес, екінші деңгейлі банктер мен әкімдіктер тиісті шешімдерді қабылдайды», - дейді Ұ.Жазылбек.

Әлбетте, осындайда «Инжинирингтік компаниялар мен мердігерлер арасындағы сыбайлас жемқорлыққа жол берілмей ме?» деген сауал туындайды. Департамент басшысының айтуынша, инжинирингтік компаниялардың мамандарын конкурс арқылы іріктейді. Оларға да тиісті талаптар қойылады. Сондай-ақ үлескерлердің өздері де құрылыстың барысын бақылай алады. Себебі жаңа заңнамаға сәйкес, құрылыс компаниялары өз сайттарында салынып жатқан нысан туралы барлық ақпаратты ұсынып, фотосуреттермен есеп беріп отыруы шарт.

Жаңа заң бойынша құрылыс компаниясы бір ғана нысанмен айналысуы тиіс. Соның арқасында үлескерлердің қаржысын бір нысаннан екінші нысанға құйып, ақшаны мақсатсыз жұмсай алмайды.

 

Баспананың бағасы қымбаттамай ма?

Өкінішке қарай, жаңа заңның кері күші жоқ. Бұл дегеніміз, ол бұған дейін үлескер атанған азаматтарға көмектесе алмайды. Дегенмен, оның арқасында коммерциялық тұрғын үйдің бағасы арзандайды деген үміт бар.

 «Біздіңше, бүгінгі механизмдер үлескерлік қатысу арқылы салынатын баспананың бағасын арзандатуға мүмкіндік жасайды. Неге? Мәселен, қазіргі кезде банктердің ипотекалық несиесі өте қымбат. Мөлшерлемесі - 15 пайыздан жоғары. Ал үлескерлердің ақшасы - бұл тегін ақша. Егер үй кепілдік беру қоры арқылы салынса, онда құрылыс компаниясы 2-6 пайыз көлеміндегі жарнаны ғана төлейді. Болды. Сондықтан қазіргі тетіктер тұрғын үй бағасының көтерілуіне себеп болмайды. Сосын үлескер мен мердігер арасындағы келісімшартта баспананың нақты бағасы жазылады. Артынан оны құрылыс материалдарының қымбаттауы және тағы басқа себептермен көтеруге болмайды», - дейді Ұ.Жазылбек.

 

Соңғы жаңалықтар