Үлескері жоқ, бейберекет салынып жатқан тұрғын үйлердің құрылысын тоқтатамыз - Астана әкімі

None
АCТАНА. ҚазАқпарат – Астана әкімі Жеңіс Қасымбек БАҚ өкілдеріне Талдыкөл аумағындағы бейберекет құрылыспен қалай күресетінін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бейберекет құрылыстарға келсек, көршілес тұрғын үй кешеннің тұрғындары мен белсенділер шағым айтып жүрген 20-дай нысан бар. Осы нысандардың әрқайсысы бойынша жоспар бар. Бастамашыл топтардың бәрімен ұдайы кездесіп отырамыз. Аталған нысандардың шамамен 70 пайызы бойынша нақты шешім бар. Құрылыс иелерімен, тұрғындармен келісіп жатырмыз. Негізінен құрылыс түсуі керек орындарға әлеуметтік нысандар саламыз. Бірнеше қабаты көтеріліп кеткен, үлескері бар нысандар бойынша сот болып жатыр. Сот шешіміне қарай түпкілікті шешім қабылданады. Ондай нысандар бойынша да жыл аяғына дейін шешім шығарамыз деп ойлаймын», - деді әкім.

Оның айтуынша, кейбір нысандардың қабат саны өзгертілуі мүмкін.

«Жалпы шешімдер бар, келісіп жатырмыз. Екі тараптың да көңілінен шығатын шешім болады деп ойлаймын. Ал үлескері жоқ ығы-жығы құрылыстар тоқтатылады. Болашақ тұрғындары белгілі болып қойған кешендер бойынша ортақ шешімін табамыз – қабат санын азайтамыз, тараптардың бәрінің көңілін табатындай басқа да заңды тәсілдерін ойластырамыз», - деді Жеңіс Қасымбек.


Соңғы жаңалықтар