Үлескердің міндетті түрде пәтерлі болуы қамтамасыз етіледі - Кепілдік беру қоры

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры 10 млрд теңгеге қосымша капиталдандырылады. Бұл туралы аталған Қордың басқарма төрағасы Дәурен Оңаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Өткен жылы «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» Заң күшіне енген кезде республикалық бюджетен қор 10 млрд теңгеге капиталдандырылды. Сонымен қатар биылдың соңына дейін, яғни 2017 жылға арналған республикалық бюджетте Қорды тағы да 10 млрд теңгеге қосымша капиталдандыру қарастырылған», - деді Оңаев Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Оның атап өтуінше, аталған қаржы сомасы Қордың тұрақты жұмысына жеткілікті болып отыр.

«Біздің ойымызша, Қор қажетті деңгейде тұрақты әрі сенімді бола алады. Атап айтқанда, құрылыс салушыларға тиісті талаптарды қоя отырып, сонымен қатар біз өзіміз де айтарлықтай сенімді деңгейде қызмет жасауға қауқарлы болуға міндеттіміз», - деді Дәурен Оңаев.

Сонымен қатар ол үлестік құрылыс кезінде қандай себептерге кепілдікті жағдай орын алатынын түсіндірді.

«Егер де құрылыс салушы қаржыны мақсатсыз жұмсаса немесе банкротқа ұшыраса, сондай-ақ нысанды пайдалануға беру мерзімін бұзса, онда біз жоба бойынша басқарушы қызметіне кірісеміз. Осы орайда құрылыс салушыларды процестен толықтай шеттетіп, нысан құрылысындағы басқаруды толықтай қолымызға аламыз», - деді ол.

Бұл тұрғыда Дәурен Оңаев Қор үлескер алдында есеп беретінін атап өтті.

Осы бағытта «Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры» АҚ проблемалық нысан құрылысының аяқталуын және пәтерлерді үлескерлерге тапсыруды қамтамасыз ететінін жеткізді.

Естеріңізге сала кетейік, 2016 жылғы 10 қазанда «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» Заң қабылданып, осы күннен бастап Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры өз қызметін бастады.

«Кепілдік беру қорынан кепілдікті алу - тұрғын үй құрылысын салу үшін үлескерлер қаражатын тартудың бір жолы екендігін естеріңізге сала кетейін. Бір жыл ішінде бізге 50-ден астам тұрғын үй жобалары бар 40-қа жуық құрылыс салушылар өтініш жасады. 

Сонымен қатар, кепілдік беру туралы шартқа қол қою үшін құрылыс салушылардың барлығы сәйкес келген жоқ. Кейбір компаниялар қажетті құжаттаманы тиісті деңгейде қамтамасыз ете алмады, кейбір құрылыс салушылардың кепілдік жарнаның жоғары мөлшерлемесін атап өтті. Дегенмен, жыл ішінде Кепілдік беру қоры екі қаладағы салынып жатқан үйлер бойынша екі кепілдікті берді. Бұл Астана қаласындағы «Миллениум парк» тұрғын үй кешенінің бір секциясы мен Алматы қаласындағы «Легенда» тұрғын үй кешенінің бірінші кезеңі.  Осылайша, Қор кепілдігі - осы тұрғын үйлерден үлес сатып алуға ниет білдірген азаматтарға қандай жағдай болмасын пәтерлерінің кілтін алуды қамтамасыз етеді», - деді Д. Оңаев.

Соңғы жаңалықтар