Ұланбатырда «Көшпенділер қысы 2019 - Бүркіт мейрамы» өтеді

None
None
ҰЛАНБАТЫР. ҚазАқпарат - Моңғолияның астанасы Ұланбатыр қаласында алдағы наурыздың 3-4 күндері «Көшпенділер қысы 2019 - Бүркіт мейрамы» іс-шарасы «Шыңғыс қаған кешені» туристік паркінде өтеді. Шара бүркітпен аң аулау салт-дәстүрін жандандыру, болашақ ұрпаққа мұраға қалдыру, отандық және шетелдік саяхатшыларға осынау бекзат өнерді насихаттау мақсатында ұйымдастырылмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биылғы бүркітшілер тойы сайыс түрінде жүреді. Іс-шараның басында шараға қатысушы бүркітшілер ұлттық киімдерін киіп, бүркіттерін қолдарына қондырып, атқа мініп сап түзеп салтанатпен өтуі де көзделген. Сайысты қортындылағанда, қатысушылардың дәстүрлі әдет-ғұрыптарды сақтауына, киім кию сән-салтанаты мен тұтынған әсемдік бұйымдарына мән беріледі. Және ең сәнді ұлттық киім, ат пен бүркіт әбзәлдерінің әсемдігіне қарай да бағаланады» -деп хабарлайды Ұлаанбатыр қаласының Саяхат-туризим басқармасы.

Айта кетерлігі, ЮНЕСКО-ның адамзаттың материалдық емес мәдени мұралары тізіміне Моңғол елінен дәстүрлі атбасты қобыз саз аспабы, моңғол халқының созылмалы әуендері, Моңғол халықтық «Наадам» фестивалі, монғолдың көмекей өнері, бүркіт тойы және құсбегілік, Моңғолдың дәстүрлі ағаш үй жасау қолөнер рәсімдері, моңғолдың асық ату ойыны секілді жеті мәдени мұра тіркелген.

«Бүркітшілер тойы немесе құсбегілік» салт-дәстүрі ЮНЕСКО-ның бұл тізіміне 2010 жылы тіркелді. Орталық Азия көшпенділерінің арасында 6 мың жыл бұрын қалыптасып, бүгінге дейін сабақтасып жеткен бұл дәстүр қазіргі таңда Моңғолияда ең жақсы сақталған.

Авторы: Қуат Уатхан

Соңғы жаңалықтар