Ұлан ауданында 188 отбасы баспанамен қамтылады – ШҚО
2020 жылғы 16 қараша 22:54

Ұлан ауданында 188 отбасы баспанамен қамтылады – ШҚО

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданында келесі жылы 188 отбасы баспанамен қамтамасыз етілмек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Ақпарат орталығында онлайн өткен баспасөз конференциясында Ұлан ауданының әкімі Нұрымбет Сақтағанов көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Оның айтуынша, осы жылдың соңында Қасым Қайсенов кентінде жалға берілетін 40 пәтерлік екі және несиелік 80 пәтерлік бір тұрғын үйдің құрылысы аяқталады. Сонымен қатар жақын арада кезекте тұрған 16 көпбалалы отбасы екі пәтерлі 8 тұрғын үйде қоныс тойын тойламақ.

«Ауданда 5 586 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Жыл соңына дейін жалпы көлемі 7 494 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Келесі жылы 188 көпбалалы және аз қамтылған отбасы жалға берілетін тұрғын үймен қамтамасыз етіледі», - деп атап өтті Нұрымбет Сақтағанов.


Jańalyqtar

MURAǴAT