Ультраөңделген тағам ерте өлімге әкеледі - зерттеу

None
None
НҰР-АСТАНА. ҚазАқпарат - Ультраөңдеуден өткен өнімдер - балмұздақ, тауық наггетстері мен құрғақ таңғы ас денсаулыққа кері әсер етіп, ерте өлімге алып келеді. Бұл туралы ВВС басылымы ғалымдар зерттеуіне сілтеме жасап жазып отыр.

«Франция мен Испанияда жүргізілген зерттеу ультраөңделген өнімдер артық тамақтануға себеп болатынын анықтады. Ғалымдар мұндай өнімдер ерте өлімге алып келетінін айтып, алаңдаушылық білдірді» деп жазады басылым.

Автордың жазуынша, ультраөңделген тағам өндірістік қайта өңдеуден өткізілген өнімдердің классификациясы саналады.

«Ең төменгі категория - өңделмеген немесе аз өңделген тағамдар. Оған жемістер, көкөністер, сүт, ет, жұмыртқа мен бұршақты тағамдар жатады. Ал өңделген тағамдар сақталу мерзімін ұзарту немесе дәмін өзгерту үшін тұз, қант, май мен ферменттер пайдалану арқылы жасалған. Бұл категорияға ірімшік, нан, консервіленген жемістер мен көкеністер, қақталған балық, сыра жатады. Одан кейінгі сатыда ультраөңделген өнімдер тұр. Бұл өндірістік қайта өңдеуде өткен, өнім сыртында көп ингредиенттер жазылып тұрған тағамдар» деп жазады автор.

Наварра университетінің профессоры Майра Бес-Растроллоның айтуынша, құрамында бес ингредиенттен көп тізім болса, ол ультраөңдеуден өткен өнім саналады. Бұл қатарға өңделген ет, пицца, жылдам дайындалатын сорпа, шұжықтарды жатқызуға болады.

«Испаниядағы Наварра университеті жүргізген зерттеуде ғалымдар он жыл бойы 19 899 адамның тамақтану рационын бақылаған. Зерттеу барысында 335 адам көз жұмған. Олардың көбі өңделген тамақтарды тұтынғаны анықталған. Париж университеті жүргізген екінші зерттеуде бес жыл бойы 105 159 адамның тамақтануы бақыланған. Бұл зерттеу нәтижесінде ультраөңделген тамақ тұтынатындардың жүрегі ауыратыны белгілі болды» деп жазады басылым.

Ал Париж университеті профессоры Матильда Тувьенің айтуынша, әлем бойынша ультраөңделген тамақты тұтыну көрсеткіші артып барады. Сондай-ақ мұндай өнімдердің жүрек қантамырлары ауруын туғызатынына да дәлелдер көптеп келтірілуде.

Соңғы жаңалықтар