Ультрамарафоншылар Оралдан Атырауға дейін 500 шақырымды жүгіріп өтті

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батысқазақстандық ультрамарафоншылар Оралдан Атырауға дейін 500 шақырым қашықтықты жүгіріп өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Uralsk Runners жүгіру клубының құрылтайшысы Нәдір Құрымбаевтың айтуынша, марафоншылар екі күн бойы ұйықтамастан жүгірді.

«Марафон жұма күні түс қайта басталып, кеше таңғы сағат 04.00-де Атырауда мәреге жетті. Қатысушылар жол бойында бір-бірін алмастырып, арасында тамақ ішкені болмаса, күні-түні жүгіріп отырды. Мұндай марафон Батыс Қазақстан тарихында алғаш рет ұйымдастырылды. Енді эстафетаны атыраулық марафоншыларға табыс еттік», - деді Н.Құрымбаев.

Ультрамарафонға Тимур Жүкішев, Самат Аманшин, Баубек Ілиясов, Асхат Рамазанов, Рустам Берқалиев, Нұрлыбек Құрымбаев, Азамат Темірханов, Руслан Мұхамбетқалиев, Архат Есенғалиев және Абзал Салықов қатысты.

Салауатты өмір салтын орнықтыру мақсатында Uralsk Runners жүгіру (еріктілер) тобы 2018 жылы мамыр айында құрылды. Бастапқыда 10 адам мүше болса, қазір 100-ге жуықтады. Олардың арасында әр салада қызмет істейтін түрлі жастағы адамдар бар.

Биыл жазда клуб мүшелері (13 адам) Еуропаның ең биік шыңы – Эльбрусті (биіктігі – 5 642 метр) бағындырған болатын. Олардың арасында ағайынды Нәдір және Нұрлыбек Құрымбаевтар да болды.

«Эльбрус тауына барып келгеннен кейін өз қаржымызға осы марафонды ұйымдастыруға ниет еттік. Енді алдағы аптада Оралдан оншақты адам Италияға аттанамыз. 10 қараша күні Гарда қаласында өтетін халықаралық жартылай марафонға қатысамыз. Бұл шетелдегі алғашқы жарысымыз болмақ», - деді ҚазАқпарат тілшісіне Н.Құрымбаев.

Соңғы жаңалықтар