Ұл-қызымның тойында арбада отырмауым керек деп шештім - Tartyl Fest-тің ерекше қатысушысы Азамат Нұрәлиев

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Tartyl Fest республикалық турнирінің гранд-финалына арнайы шақырылған ерекше спортшы Азамат Нұрәлиев ҚазАқпарат тілшісіне өмірін өзгерткен оқиға туралы айтып берді.

Tartyl Fest турнирінің гранд-финалында жыл бойы өткен өңірлік турнирлерде ерекше өнерімен есте қалған айрықша атлеттер конкурстан тыс өнер көрсетті. Солардың бірі – Алматы облысы Қарасай ауданы Қарғалы ауылының тұрғыны Азамат Нұрәлиев.

Азамат бұл сайысқа сыныптас досының қамшылауымен қатысқанын айтады.

«1-сыныпта оқып жүрген кезімнен бастап турникке әуеспін. Tartyl Fest туралы таныстарымнан естідім. Жұмыстан келіп демалғалы жатқанымда сыныптас досым қоңырау шалды. «Сен Tartyl Fest-ке өтінім бердің бе?» - деп сұрады бірден. Алматыдағы турнирге қатысуға кеш қалған екенмін. Ақыры 500 шақырым жердегі Таразда өтетін турнирге тіркелдім. Өмірде де, спортта да қолдаушы – жұбайым. Соның қолдауымен Таразға тарттық. Ол жақта 3-орын алғанмын. Бүгін құдай бұйырып, Астанаға келіп отырмын», - дейді спортшы.

Қазір Азамат қол күресіне түбегейлі бет бұрған. Алғашында бірнеше спорт түрінен бабы мен бағын сынап көріпт. Грант-финалда ол белтемірге 33 рет тартылып, көрермен қошеметіне бөленді.

«Негізгі спортым – қол күресі. Бұған дейін Қазақстанның, Азияның чемпионы атанғанмын. Биыл Анталияда Әлем чемипоны болдым. Осы күніме қуанып тұрмын. Үйде жатпай, спортты серік еткенімнің арқасында бүгін Астанаға келіп жатырмын», - деді ол.

Әңгіме арасында Азамат арбаға қалай таңылғанын еске алды.

«Ол күн әлі есімде. 2014 жылдың 13 қарашасы болатын. Оттегі баллоны жарылып, аяқтан айырылдым. Бір қолымның саусақтарына да зақым келді. Аяқ-қолымның сау күнінде де спортқа жуық болғанымды айттым ғой. Кейін спортқа бет бұруыма сол әдеттің көп көмегі тиді. Оқыс оқиғадан кейін 3 жылдай үйде жатып қалдым. Күйзеліске де түстім. Өзімнің екі ұл, екі қызым бар. Баланың бәрі әкеге қарап өседі ғой. 2017 жыл өмірді түбегейлі өзгертті. «Ұл-қыздарым өседі. Соларды үйлендірген кезде әкелері арбада отырмау керек» деген шешімге келдім. Осы ой қамшылап, спортқа қайта бет бұрдым.

Әуелі жүзу мен теннисте жүрдім. Мүмкіндігі шектеулі жандар айналысатын спорт түрлері аз ғой жалпы. Жүзуден өз санатым бойынша Қазақстан чемипоны болып та үлгергемнмін. Кейін белгілі бір себептермен ол спорт түрлерімен шұғылдана алмайтын болдым. Қол күресіне осылай келдім. Биыл соның да жемісін көріп жатырмыз. Жастарға айтарым, спортпен шұғылдансын. Спорт адамды кез келген қиындықтан алып шығады», - дейді Азамат Нұрәлиев.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, қазір елордадағы Конгресс орталықта Tartyl Fest республикалық турнирінің гранд-финалы өтіп жатыр.

Еске салсақ, ҚР Президенті жанындағы «DARA» таланттарды қолдау қорының бастамасымен ұйымдастырылған турнирдің ақтық сынына өңірлік іріктеу жарыстарында үздік нәтиже көрсеткен 170 спортшы қатысады. Қатысушылардың жасы – 11-51 жас аралығында.

Турникке тартылу жарысы былтыр Қазақстанның 20 қаласында өтті. Онда 7 мыңнан астам қазақстандық 9 салмақ дәрежесінде сайысқа түсіп, 33 жастағы тараздық Евгений Нам 50 рет көрсеткішпен турнир рекордын орнатқан.

EXPO аумағындағы Конгресс орталықта өтіп жатқан гранд-финалдан «Jibek Joly» телеарнасы тікелей көрсетілім таратады.

Гранд-финалдың жалпы жүлде қоры – 54 млн теңге. Өз салмақ дәрежесі бойынша 1-орын алған жеңімпаздарға 3 млн теңге, 2-орын алғандарға 2 млн теңге, 3-орын иеленгендерге 1 млн теңге сыйақы беріледі.

Бұл гранд-финалда чемпион атанғандар Street Workout бойынша әлем чемпионатында Қазақстан атынан сайысқа түсе алады.


Соңғы жаңалықтар