ҰҚШҰ көмегіне жүгіну Қазақстанның егемендігін шектемейді – сарапшы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының көмегіне жүгіну Қазақстанның егемендігін шектемейді.

ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеу институты директорының орынбасары Санат Көшкімбаев «Хабар 24» телеарнасына берген сұхбатында осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Әрине, бұған дейін мұндай оқиға болып көрмеген. Бәрінен бұрын Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының мандаты сыртқы агрессиядан қорғаумен байланысты. Бірақ, Президент айтқандай, бұл жерде әңгіме халықаралық контекстегі ахуалмен байланысты болып отыр. Яғни, бұл халықаралық террористік топтар. Сондықтан қалыптасқан жағдайда Президенттің Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына шұғыл тәртіппен жүгіну мандаты бар», - деді Санат Көшкімбаев.

Сондай-ақ, ол Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше елдер бұл міндеттемелерді ерікті түрде орындайтынын атап өтті.

«Біріншіден, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше елдердің бұл міндеттемелері ерікті екенін айту керек. Бұл жерде Қазақстанның алдына міндеттемелер қойылмайды. Біз оларды төтенше жағдай режимі кезеңінде ғана енгіземіз. Сондықтан мұның егемендікті шектеумен ешбір байланысы жоқ. Бұл нақты күштік операция және ахуалды тұрақтандыру үшін көрсетіліп отырған көмек қана», - деді сарапшы.


Соңғы жаңалықтар