ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің Қорғаныс министрлері кеңесінде бірқатар құжаттарға қол қойылды

None
None
АСТАНА. 3 мамыр. ҚазАқпарат - Бүгін   Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына мүше мемлекеттердің Қорғаныс министрлері кеңесінде бірқатар құжаттарға қол қойылды.

Бұл туралы  аталған басқосудан кейінгі брифингте ҚР Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков мәлім етті.

Айта кетейік, отырыс жұмысына Қазақстан, Беларус, Армения, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан Қорғаныс министрліктерінің делегациясы, сондай-ақ ҰҚШҰ-ның Бас хатшысы Николай Бордюжа қатысты.

«Отырыс барысында бірқатар маңызды мәселелер талқыланды. Бұл өз кезегінде әскери құрам осы ұйымға мүше елдердің ұдайы назарында екенін көрсетіп отыр. Біздің ынтымақтастық жыл сайын артып келеді және бұл байланыстардың әлеуеті жоғары. Осы орайда тиісті мәселелер бойынша қорытынды жасалып, ұйымның нығаюына бұдан ары қарай әсер етуіне, мүше мемлекеттердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көмек көрсететін бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылды»,- деді Ә. Жақсыбеков.

Таратылған мәліметтерге қарағанда, отырыс барысында құрылыс саласындағы мәселелер, ҰҚШҰ ұжымдық жүйесінің дайындығы, Орталық Азия өңірінде ұжымдық қауіпсіздік әскери тобын құру, сондай-ақ ұжымдық күштердің жедел әрекет ету жауынгерлік әлеуетін нығайту және қазіргі заманғы әскери техникамен жабдықталу мәселелері талқыланды.

Бұдан бөлек Қорғаныс министрлері кеңесінің отырысында әуе қорғанысы жүйесін дамыту, ҰҚШҰ бітімгерлік күшінің мүмкіндіктерін арттыру шаралары ескерілді.

2012 жылы Қазақстан аумағында аталған ұйым аясындағы бітімгерлік күштердің оқу-жаттығуын өткізу жоспарланып отыр.
Отырыс кезінде Арменияның Қорғаныс министрі Сейран Оганян ҰҚШҰ Қорғаныс министрлері кеңесіне қатысушыларға Армения аумағында биылғы 3-8 қыркүйек аралығында өткізілетін "Өзара іс-қимыл-2012" бірлескен оқу-жаттығуы жайында баяндады.

Осыдан кейін аталған алқалы жиынға қатысушылар бүгін халықаралық "KADEX-2012" қару-жарақ пен әскери-техникалық мүлік көрмесінің ашылуы рәсіміне қатысуға барады. Бұл шараға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысады деп күтілуде.

Соңғы жаңалықтар