ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер ірі әскери оқу-жаттығуға дайындалуда

Фото: None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Осы жылдың 1 қазаны мен 2 қарашасы аралығында Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына (ҰҚШҰ) мүше мемлекеттер «Жауынгерлік бауырластық-2018» жаттығуын өткізеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін Мәскеуде Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Бірлескен штабының бастығы, генерал-полковник Анатолий Сидоровтың қатысуымен брифинг өткізіліп, оған телекөпір форматында Астана, Бішкек, Минск және Ереван қосылды. Брифингте сөз сөйлеген Анатолий Сидоров 1 қазан мен 2 қараша аралығында өтетін «Жауынгерлік бауырластық-2018» жаттығуы туралы кеңірек айтып берді.

«Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы мойындалған әрі қауіпсіздікті қамтамасыз ете алатын халықаралық аймақтық ұйым болып табылады. Ұйымның жауапты аумағында ҰҚШҰ кез келген қауіпке жедел жауап бере алатын қуатты әрі әлеуетті ұйым. «Жауынгерлік бауырластық-2018» жаттығуына бақылаушылар ретінде БҰҰ, Халықаралық Қызыл крест комитетінің өкілдері мен әскери бақылаушылар шақырылды. Жаттығу аясында оқу-жаттығу тапсырмаларын бірге орындау, ұлттық мерекелерді атап өту, спорттық сайыстар мен концерттерді ұйымдастыру ұйымға мүше мемлекеттердің әскерилерінің достығын нығайта түседі. ҰҚШҰ алдағы уақытта да ұйымға мүше елдердің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз ете беретініне сенім білдіргім келеді», - деді Мәскеуден тікелей телекөпір форматында сөйлеген Анатолий Сидоров.

Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан мен Ресей елдерінің аумағындағы бірлескен жедел-стратегиялық оқу-жаттығу бір айға созылады. Оның аясында ҰҚШҰ мүше мемлекеттердің Қарулы Күштерінің барлау бөлімшелерінің «Іздеу-2018» жаттығуы, Жедел жауап қату Ұжымдық күштерінің «Өзара іс-қимыл - 2018» жаттығуы, Бітімгерлік Күштердің «Жойылмас бауырластық-2018» жаттығуы мен Орталық Азия аймағының «Меже-2018» жаттығулары біріктірілмек.

Жаттығу шеңберінде әскери қақтығыстарды шешу мен алдын алудың кешенді шаралары әзірленетін болады. 

Соңғы жаңалықтар