ҰҚШҰ бітімгершілік күштері Қазақстанға уақытша келді – Шахрат Нұрышев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҰҚШҰ-ның ұжымдық бітімгершілік күштері Қазақстанға уақытша келді. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Шахрат Нұрышев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Мемлекет басшысы қабылдаған шешімге сәйкес, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына мүше мемлекеттердің бітімгершілік күштерінің Қазақстанға келгені белгілі. Бұл күштер Қазақстанға уақытша келіп отыр. Біз, Қазақстан, осы Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының мүшесі болғандықтан ҰҚШҰ-ның 4-бабына сәйкес мемлекеттің аумақтық тұтастығына, егемендігіне қауіп төнген кезде басқа мүше мемлекеттерден көмек сұрауға құқығымыз бар. Қауіпсіздік кеңесінің отырысында «Қазақстанның тұтастығына қауіп төніп тұр және террорлық күштердің шабуылы болды» делінген құзырлы органдардың ақпараты негізінде шешім қабылданды. Сондықтан Президент ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің басшыларына үндеу жасады. Қысқа мерзімнің ішінде мүше мемлекеттердің басшылары бұл үндеуге оң жауап беріп, өз күштерін жіберді. Қазіргі уақытта бұл күштер Қазақстанға келіп, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге үлшес қосып жатыр», - деді ҚР Сыртқы істер министрлігінде ұйымдастырылған брифинг барысында Шахрат Нұрышев.


Соңғы жаңалықтар