ҰҚШҰ біріккен штабы 20 жылдық мерейтойын атап өтті

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Мәскеудегі Халықаралық әскери орталықта Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы Біріккен штабының 20 жылдық мерейтойына арналған салтанатты іс-шара өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ұйымның әскери құрамдас бөлігіне қатысты қызметтің негізгі нәтижелері туралы ҰҚШҰ Біріккен штабының бастығы, генерал-полковник Анатолий Сидоров баяндама жасады.

Ол Біріккен штабқа әскерлерді (ұжымдық күштерді) қолдануға, ҰҚШҰ елдерінің жедел және жауынгерлік даярлықтың бірлескен іс-шараларын өткізуіне, әскери-техникалық ынтымақтастыққа, Қарулы Күштер үшін кадрларды бірлескен даярлауды үйлестіруге байланысты міндеттер жүктелетінін еске салды. Бұдан басқа, ҰҚШҰ Біріккен штабы дағдарысқа қарсы әрекет ету орталығының жұмысын ұйымдастырады.

«ҰҚШҰ Біріккен штабы қызметіндегі негізгі күш-жігер ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының, қорғаныс ведомстволары басшыларының ұйымның әскери құрамдас бөлігін дамыту жөніндегі шешімдерінің орындалуын ұйымдастыруға бағытталған», - деп атап өтті А. Сидоров.

«Ұжымдық қауіпсіздікке сын-тегеурін мен қауіп-қатерлердің артуының қазіргі жағдайында және алыс болашақта Біріккен штаб ұйымның ықтимал дағдарысты жағдайларға пәрменді әрі тиімді әрекет етуге дайындығын қамтамасыз ету үшін барлық күш-жігерін жұмсайды. Әскерлерді, ұжымдық күштерді дамыту және ұйымға мүше мемлекеттердің егемендігі мен аумақтық тұтастығын қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді шешуді жалғастырады», - деді штаб бастығы.

ҰҚШҰ Бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов Біріккен штаб құрылған сәттен бастап 20 жыл ішінде ұжымдық қауіпсіздік, ұжымдық күш әскерлері мен ұйымның бірлескен әскери жүйелері, бірлескен дайындық, жоспарлау және қолдану жүйесі құрылғанын, әскерлерді жан-жақты қамтамасыз ету тәртібі белгіленгенін атап өтті.

«Бүгінде ҰҚШҰ-ның Біріккен штабы қиын жағдайда жұмыс істейді. Халықаралық қатынастар терең өзгерісті бастан кешіріп отыр. Ондаған жылдар бойы қалыптасқан әлемдік тәртіп негіздері өзгеріп жатыр. Әлемдік саясаттың негізгі салаларында жалпыға бірдей және өңірлік қауіпсіздік императивтеріне нұқсан келтіре отырып, өз мүдделерін қамтамасыз етуге ұмтылу байқалады», - деді И. Тасмағамбетов.

Салтанатты кездесу аясында ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер өкілдері Біріккен штабтың 20 жылдығына арналған мерейтойлық медальмен және Ұлттық қорғаныс министрліктерінің ведомстволық наградаларымен марапатталды.

Еске салсақ, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Біріккен штабында 2023 жылы Ұйым әскерлерінің (Ұжымдық күштердің) бірлескен оқу-жаттығуларын ұйымдастыру және атқару бойынша алғашқы келіссөздер өткен болатын.
Соңғы жаңалықтар