ҰҚШҰ Бас хатшысының орынбасарларына дипломатиялық иммунитет берілуі мүмкін

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мәжіліс Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы (ҰҚШҰ) Бас хатшысының орынбасарларына дипломатиялық иммунитет беруді мақұлдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін ҚР Парламентінің Мәжілісі «2002 жылы 7 қазандағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының құқықтық мәртебесі туралы келісімге өзгеріс енгізу туралы үшінші хаттаманы ратификациялау туралы» ҚР Заң жобасын мақұлдады.

«Хаттамаға ҰҚШҰ мүше мемлекеттердің басшылары 2018 жылдың 8 қарашасында Астанада қол қойған. Бұл өзгерістер дипломатиялық басымдықтар мен иммунитет беру жолымен ұйымның Бас хатшысы орынбасарларының әлеуметтік қорғалуын көтеруге бағытталған. Сондай-ақ, терминологияны ҰҚШҰ Жарғысындағы өзгерістерге сәйкес келтіру мақсатында Шарттың өзіне түзетулер енгізілді. «Өкілетті өкілдер» ұғымы «тұрақты және өкілетті өкілдер», «өкілетті өкілдер» және «тұрақты өкілдер» сөздеріне ауыстырылды. 2020 жылдың 11 ақпанындағы жағдай бойынша Армения, Беларусь және Ресей Федерациясынан ішкі мемлекеттік рәсімдердің сақталуы туралы хабарламалар алынды», - деді ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді ҚР Парламенті Мәжілісінде заң жобасын таныстыруда.

Депутаттардың сұрақтарына жауап бере отырып, министр ҰҚШҰ-ның тұрақты және өкілетті өкілдерінің ҰҚШҰ тұрақты кеңесінің жұмысына қатысатынын және өз мемлекеттерінің ұстанымдары мен мүдделерін қорғайтынын түсіндірді.

Сонымен бірге, министрдің айтуынша, ротацияға сәйкес 2021–2023 жылдары ҰҚШҰ Бас хатшысының орынбасарларының бірі Қазақстан өкілі болады деп күтілуде. Ал 2023 жылдан бастап Ұйымның Бас хатшысы лауазымы да Қазақстанға ауысуы керек.


Соңғы жаңалықтар