ҰҚШҰ 2021 жылдың күзінде биоқауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі ұсыныстарды әзірлейді

None
None
МӘСКЕУ. ҚазАқпарат - Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы осы жылдың күзіне дейін биологиялық қауіпсіздік саласындағы қауіп-қатерлерге жауап беретін ұсыныстарды әзірлеп, ұйымға мүше мемлекеттердің басшыларының бекітуіне бермек.

Бұл туралы бүгін ҰҚШҰ Бас хатшысы Станислав Зась «Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының жауапкершілік аймағындағы және оның айналасындағы әскери-саяси ахуал. ҰҚШҰ-ның 2020 жылғы қызметінің нәтижелері және 2021 жылға арналған міндеттер» тақырыбында өткен баспасөз мәслихаты барысында мәлімдеді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА меншікті тілшісі.

Ұйымның бас хатшысының айтуынша, 2020 жылғы оқиғалар биологиялық қауіпсіздік саласындағы қауіп-қатерлерге дайын болу керектігін көрсетіп берген.

Оның сөзінше, биологиялық қауіптердің келешекте пайда болу ықтималдылығына тиісті жауаптар әзірлеу қажет.

Осыған байланысты Ресейдің бастамасымен ҰҚШҰ шеңберінде осы сын-қатерге қарсы тұру үшін тиісті тетік құру туралы шешім қабылданды. Оған сәйкес, күштерді бөліп, олардың жұмыс істеуі үшін құқықтық негіздерді құрып, міндеттерді белгілеп, осы процестерді бастап кету керек.

«Қазір біз биологиялық қауіпсіздік мәселелері бойынша құзыретті органдар басшыларының үйлестіру кеңесін құру туралы тиісті ереже әзірлеп жатырмыз. Онда міндеттер де, функционалдық мүмкіндіктер де жазылады. Сонымен бірге, Қауіпсіздік кеңестері хатшылары комитетінің қызметі туралы ережеге түзетулер енгізілуде, олар да қауіптің осы түріне қарсы тұруға бағытталады», - деді Станислав Зась.

Оның сөзінше, жыл сайын өткізілетін «Прокси» операциясы аясында ұйымға мүше мемлекеттерде биологиялық қауіп-қатерге жауап берерлік әлеует пен күш-қуат бар. Аталған операция Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттердің арнайы қызметтері мен құқық қорғау органдарына өзара хабар бере отырып, жұмыс жүргізуге мүмкіндік береді.

Ол алдағы уақытта ұйым аталмыш саладағы персоналдың дайындық деңгейін арттыруды көздеп отырғанын атап өтті.

«Біз осы жылы да, келесі жылы да осы тәртіп бойынша біздің мемлекеттердің құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен арнайы қызметтері үшін тиісті дайындықты ұйымдастыруды көздеп отырмыз. Сондай-ақ, біз киберқылмысқа қарсы іс-қимыл бойынша бірқатар шараларды жүзеге асыруды жоспарладық», - деді ҰҚШҰ Бас хатшысы.

Авторы: Нарымбек Ысмағұлов


Соңғы жаңалықтар